20-дан астам қызылордалық мемқызметші жазаға тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 23 мемлеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды.

Бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аталған облыс бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, 2016 жылы Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңеспен 10 отырыс өткізіліп, онда 51 мәселе қаралды. Оның 33-і  тәртіптік іс болса, 7  мәселемен мемлекеттік органдар басшыларының, аудан әкімдердің есептері, екеуінде Әдеп жөніндегі уәкілдің есебі, тағы 2 мәселемен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы тыңдалса, 7 мәселемен өзге ұйымдастыру шараларына қатысты бағыттар қаралды.

Департамент мәліметінше, тәртіптік істерді қарау нәтижелерімен берілген ұсыныстар негізінде 23 қызметшіге, оның ішінде 9-ына Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін, 14-іне мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жаза қолданылды.