20 қаңтар. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2013 жылғы 20 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.

20 қаңтар ЖЕКСЕНБІ Әзірбайжанда бүкілхалықтық аза тұту күні. Тоталитаризмнің салдарынан қаза тапқан азаматтарды еске алу күні. Қырым Автономиялық Республикасының күні. 1991 жылы ақпанның 12-де Украина КСР-нің Жоғарғы Кеңесі «Қырым Автономиялық Кеңестік Социалистiк Республикасын қалпына келтiру туралы» Заң қабылдады. Ауғанстанда тоталитарлық тәртiптiң құрбандарын еске алу күні. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның мамандандырылған коммерциялық жинақ банкі Халық банкі болып қайта құрылды. 20 жыл бұрын (1994) Елбасы Н.Назарбаевтың Украинаға ресми сапары барысында екі мемлекеттік арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа, Президенттердің «Қазіргі дүние: қыр көрсету және қатерлер» атты Декларациясына және басқа да маңызды құжаттарға қол қойылды. 8 жыл бұрын (2006) Астанадағы «Артем» сауда үйінде «Ақорда» республикалық қозғалысы мен Қазақстан қажылар қауымдастығының ұйымдастыруымен халал өнімдерін сататын сауда орны ашылды. Қазақстан қажылар қауымдастығы Орта Азия аймағы бойынша бірінші болып М8-1500 HALAL FOOD халықаралық стандартының малайзиялық үлгісін енгізген болатын. Бұл сапа стандартында халал өнімдерін өндіру, өңдеу және сақтаудың нормалары, сондай-ақ малды, құстарды сою талаптары белгіленген. «Халал» сөзі, Құран кәрім бойынша, «адал» деген мағына береді. Мәселен, бүгінгі халал шұжық өнімдерінде мал етіндегі қалдық қан, түрлі қосындылар мен концерогендік, яғни рак, ісік ауруын туғызатын заттар кездеспейді. 8 жыл бұрын (2006) Көкшетауда «Шығыс жекпе-жек өнері» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Шығыс спорт өнері» атты газетінің бірінші саны жарық көрді. Екі тілде, түрлі-түсті бояулы жаңа ақпарат құралы республика көлемінде таратылады. Газет шығарушыларының басты мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың жаппай сипат алуына ұмтылыс жасау, шығыс спортының түр-түрінің кеңінен өркен жаюына ықпал ету, көпшілік қауымды спорттың тарихы мен дамуы турасында құлағдар ету. Басылымның алғашқы санында қазақша күрес, көкпар, каратэ жайында мол мағлұматтар берілген. 95 жыл бұрын (1919) Верныйда (қазіргі Алматы) Жетісу жыршы-ақындарының слеті өтті. Оған халық ақыны Жамбыл Жабаев қатысты. 30 жыл бұрын (1984) Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-інің халық жазушысы» құрметті атағы бекітілді. Құрметті атақты алғашқылардың бірі болып Ғ.Мүсірепов, Д.Снегин, Т.Әбдірахманова иеленді. 1999 жылдан бастап «Қазақстанның халық жазушысы» атағын беру тоқтатылды. 20 жыл бұрын (1994) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан алғашқы телехабарлар таратудың ғарыштық қондырғысы - «Галс» ұшырылды. 19 жыл бұрын (1995) №11 Орал лицейі оқу корпусының алдындағы алаңға белгілі жазушы, қазақ халқының ардақты ұлдарының бірі Сәкен Сейфуллин ескерткіші қойылды. 5 жыл бұрын (2009) «Қазпошта» АҚ Екінші Ұлттық халық санағына арналған пошта конвертін айналымға шығарды. «Kazpost» таңбалы конвертте Екінші ұлттық халық санағының белгісі мен «Елтаңба» стандартты пошта маркасы басылған. Көлемі 220 х 110 мм-лік конверт - 1 миллион дана. 5 жыл бұрын (2009) Оралда Қазақстанның мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкiлі, имам Смайыл Сейітбековтің «Иман негіздері» атты кітабы жарық көрді. Он бөлімнен тұратын, үш мың данамен шыққан кітап иман негіздеріне қатысты бірқатар ауқымды тақырыптарды қамтыған. Атап айтқанда: тәухид сенімі, ақиданың маңызы, күпірліктің түрлері, Аллаһқа, періштелерге, қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, о дүниенің бар екендігіне, тағдырдағы жақсы-жаманды істің бір Аллаһтан екендігіне сенім дәлелді әрі дәйекті түрде берілген. 4 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Аталмыш комиссия 2010 жылы 11 қаңтарда Елбасы жарлығымен құрылған болатын.

4 жыл бұрын (2010) Петербор маңындағы Ораниенбаумдағы Қытай сарайын қалпына келтіру жұмыстары кезінде мамандар ерекше олжа тапты. Олар шөлмекке салынған жолдауды тапты, оны 40 жыл бұрын жұмыс істеген қалпына келтірушілер сарай еденінің астына қалдырған. Жолдауда жазылғандай, мұнда 1962 жылдың мамырынан бастап қыркүйек айына дейін «Ленпроектреставрация» бірлестігінің - Антонов, Мельников, Белов, Леонов, Лебедев, Кудряшов бригадасы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. 1962 жылы Қытай сарайында жұмыс істеген адамдар жоғары деңгейдегі мамандар болған, олар фреск кескіндемесі, қабырға панносы және паркетті жартылай қалпына келтіру сияқты күрделі жұмыстарды атқарған. «Ораниенбаум» сарай-саябағы XVIII ғасырдың басында Петербордан 40 шақырым жердегі фин шығанағының оңтүстік жағалауында құрылған. Ол Ұлы Отан соғысынан кейін өзгеріссіз бүтін қалған солтүстік астананың маңындағы жалғыз сарай-саябақ болып табылады. 4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сот-сараптама қызметі саласын жетілдіруге, сондай-ақ сот сараптамасының тәуелсіздігі мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ЕСІМДЕР 86 жыл бұрын (1928) опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі БЕЙСАЛИЕВ Кеңес Садықұлы дүниеге келді. Ресейдің Орынбор қаласында туған. Алматы консерваториясын бітірген. Студент кезінен бастап Қазақ академиялық опера және балет театрында әнші болған. Осы театр сахнасында Сырттан, Жиренше (А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай»), Бекежан, Қапан, Семен (Е.Брусиловский «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Дудар-ай»), Жанбота (М.Төлебаев «Біржан - Сара»), Әбдіқадыр, Қабанбай (С.Мұхамеджанов «Айсұлу», «Жұмбақ қыз»), Абыз, Еспембет (Ғ.Жұбанова «Еңлік - Кебек»), Шарплес (Дж.Пуччини «Чио-Чио-сан»), Данкайро (Ж.Бизе «Кармен»), т.б. операларын орындаған. 1960-1970 жылдары театр жанындағы вокалдық-хор студиясында сабақ берген. Театр құрамымен Мәскеуде және Германияда гастролдік сапарда болған. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған. 60 жыл бұрын (1954) әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі МӘКЕНОВА Бисара дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысының Ақсуат ауданында туған. Алматы эстрадалық өнер студиясын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Ол 1980 жылы Ә.Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың лауреаты атанды. Петропавл филармониясының қазақ концерттік бригадасы 1987 жылы Мәкенованың қатысуымен ұйымдасқан. Оның репертуарында Қазақстан сазгерлерінің әндері мен халық шығармалары бар. 35 жыл бұрын (1979) ақын, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты ХАМЗИН Тоқтарбек дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Ақынның «Аспан» атты жыр жинағы жарық көрген. Бірқатар өлеңдері «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Жас ақындар антологиясы» жинақтарына енген. 74 жыл бұрын (1940) ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор ӨСЕРҰЛЫ Нұралы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған. Ташкенттегі Орта Азия университетін бітірген. Еңбек жолын Қазақ КСР-і Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының ғылыми қызметкері болып бастаған. Д.Қонаев атындағы Гуманитарлық университетінде, Қазақ мемлекеттік заң академиясында (Қазақ гуманитарлық заң университеті) дәріс беріп, Ислам құқықтарын зерттеу орталығының директоры қызметін атқарған. 2004 жылдан - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Тараз институты құқықтану кафедрасының меңгерушісі. Ғылыми жұмыстары қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне, мұсылмандық заңдарға, қазақ халқының хандық билік дәуіріндегі заңдарына, шариғаттың ұлттық әдет-ғұрып заңдарына әсерін зерттеуге арналған. Қазақ мектептерінің 2-3- және 8-9-сыныптарына арналған араб тілі оқулықтарының, әдістемелік құралдары мен бағдарламаларының авторы. Құран Кәрімді тәржімалап, аяттардың оқылуын алғаш рет қазақ әріптерінің жүйесіне түсірді. 64 жыл бұрын (1950) кәсіби журналист, палеонтолог, Орыс тілді басылымдардың бүкіләлемдік қауымдастығының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері КОЧЕНОВ Владимир Григорьевич дүниеге келді. Ақмола облысында туған. «Призыв» аудандық газетінің редакторы, республикалық ұлтаралық келісім газеті «Азамат-Таймстың» саяси шолушысы, Целиноград қалалық «Городские новости» газетінің редакторы, «Вечерняя Астана» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Нью-Йорк, Вашингтон, Берлин, София, Мәскеу, Киев, Баку қалаларында өткен орыс тілді басылымдардың бүкіләлемдік конгресіне, Флоренция, Тулуза, Мәскеу, Таллин, Санкт-Петерборда өткен ғылыми симпозиумдерге қатысты. Халықаралық палеонтологиялық экспедицияның құрамында Моңғолияға сапар шекті. «Очарованный странник» ғылыми-көпшілік журналының негізін салушы және ғылыми редакторы. Палеонтология және биостратиграфия саласы бойынша 70-тен астам ғылыми еңбектің авторы. «Құрмет» орденімен марапатталған. 63 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары ФООС Владимир Карлович дүниеге келді. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы - заңгер-құқықтанушы. 1969-1990 жылдары -- Солтүстік Кавказ темір жолы Гудермес стансасының локомотив депосы тепловоз машинисінің көмекшісі, Шығыс Қазақстан облысының Лениногорск полиметалл комбинаты тепловоз машинисінің көмекшісі, Северодвинск қаласы Әскери-Теңіз флоты техниктері мектебінің курсанты, - Мурманск облысы Солтүстік флоттың 51206-А ә/б мичманы, Шығыс Қазақстан облысы Лениногорск полиметалл комбинаты Риддер руднигінің проходчигі. 1990-1994 жылдары - 13-шақыру депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі Комитетінің мүшесі, Халық депутаттары кеңестерінің жұмысы, басқару және өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі хатшысы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы заң бөлімінің консультанты, меңгерушісі. 1994-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі Комитетінің Алматы қаласындағы Мемлекеттік құрылыс және аймақтық саясат жөніндегі консультанты, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі 2003-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы. 2007-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының Орынбасары қызметтерін атқарған. 2010 жылғы 14 сәуір күні Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына жаңа бес жылдық мерзімге тағайындалды. 2010 жылғы 16 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 62 жыл бұрын (1952) «Сырбар» ҚР Сыртқы барлау қызметінің директоры ЖАНҚҰЛИЕВ Аманжол Қазбекұлы дүниеге келді. Жамбыл облысында туған. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын (қазіргі атауы - Қазақ мемлекеттік әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті), КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. Вьетнам, француз, түрік тілдерін меңгерген. Жоғары оқу орынын бітірген соң халық ағарту саласында, кейіннен Алматы облысының комсомол органдарында және мемлекеттік басқару министрлігінде және Қазақстанның ЛКЖО (ЛКСМ) Алматы обкомында басшылық лауазымдар атқарған. ҚР ҰҚК «Барлау» қызметінің директоры, Қазақстан Республикасының Тәжікстандағы, Түркиядағы, Франциядағы, Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, БҰҰ-дағы және Женева қаласындағы (Швейцария) басқа да халықаралық ұйымдардағы ҚР-Лихтенштейн Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Ватикан Мемлекетіндегі Елшілік лауазымын қоса атқарған. 2009 жылдың 17 ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалды. 37 жыл бұрын (1977) «Астана медресесі» діни бірлестігінің директоры ЗАҢҚОЕВ Қалижан Байырбекұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 1992-1997 жылдары Өзбекстан Республикасының Андижан қаласындағы «Саид Мухиддин Махдум» медресесінің «Имам-Хатиб» мамандығын бітірген. 1998-2000 жылдары аралығында Түлкібас ауданы мен Шымкент қаласында найб имам қызметін атқарған. 2000-2002 жылдары Алматы қалалық орталық мешітінің бірінші найб имамы болса, ал 2002 жылдың тамыз айынан бастап, Астана қаласының бас имамы болып қызмет атқарып келеді. 2004 жылдың қыркүйек айынан бастап, қосымша Қазақстан мұсылмандары діни басқарамасының найб мүфтиі болып қызмет атқаруда. 2007 жылы шілде айында Елбасының қолдауымен «Нұр Астана» орталық мешітінің жанынан «Астана» медресесі ашылды. Сол күннен бастап, Қалижан қажы Байырбекұлы Елордамыздан ресми түрде ашылған тұңғыш «Астана» медресесінің директоры болып тағайындалды. 2008 жылы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Евразия университетінің филология факультетінің сыртқы бөлімін бітірді. Аталмыш оқу орнының Түркология факультетінің магистрі. Әлемдік және дәстүрлі діндер Басшылары съезі хатшылығының өкілі, Қазақстан халықтары Кіші Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, ҚМДБ-ның төралқа мүшесі. 2008 жылдың наурыз айында Бас мүфти Ә.Дербісәлі бастаған делегациямен Египетте өткен XX Ислам конференциясы, 2011 жылы 14-15 қарашада Мәскеуде өткен «Ресей және Ислам әлемі. ТМД кеңістігіндегі модернизацияландырудың көп бағыттылығы» атты VII мұсылман форумына қатысты. 2003 жылдың қазан айында Әлем діндері съезін ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін ҚР Президенті Әкімшілігінің алғыс хатымен, 2005 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 10-жыл» медалімен, 2008 жылы шілде айында ҚР және оның Астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін ҚР Президенті Жарлығымен «10-жыл Астана» медалімен, 2008 жылдың 5 желтоқсанында ҚР Президентінің № 4913 жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен, 2010 жылы 1-2 желтоқсанда Астана қаласындағы VII-ші Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитін дайындауға және өткізуге белсенді қатысқаны үшін ҚР Президентінің алғыс хатымен, 2011 жылы «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. 2006 жылы 3000 данамен үш тілде «Нұр Астана» атты кітабы жарық көрді. 2009-2010 жылдары «Нұр Астана» орталық мешітінде жамағатқа әйгілі ғалым Абдуррахман әл-Бәшаның «Суар мин хаятис-сахаба» атты кітабынан дәріс жүргізді. 65 сахабаның өмірін қамтыған бұл еңбек «Сахабалар тарихы» деген атпен аудио түрінде алты үн таспаға жазылып, 5 мың данамен басылып, мұсылман жамағатына тегін таратылды. 2012 жылы Отырар даласында Зернұқ (Зарнұдж), шаһарының перзенті, жерлесіміз Имам Зәрнужидің «Таълим әл-Мутаъаллим» атты еңбегін «Тәлімгер тағылымы» деген атпен аударып шықты. Еңбек он мың тиражбен басылып, еліміздегі барлық медресе шәкірттері мен жалпы халыққа тегін таратылды. 2006 жылы туған жері Алғабас ауылында мешіт тұрғызды. 94 жыл бұрын (1920-1993) көрнекті итальян кинорежиссері Федерико ФЕЛЛИНИ дүниеге келді. 77 жыл бұрын (1937) кеңестік және ресейлік саяси қайраткер, Татарстан Республикасының 1991-2010 жылдардағы тұңғыш президенті ШАЙМИЕВ Мінтемір Шәріпұлы дүниеге келді. 57 жыл бұрын (1957) Ресей әділет министрінің орынбасары, Шешен Республикасының 2004-2007 жылдардағы президенті АЛХАНОВ Алу Дадашұлы дүниеге келді.