ЕСІМДЕР
65 жыл бұрын (1959) генерал-майор, заң ғылымдарының докторы Қозы-Көрпеш Жапарханұлы КӘРБОЗОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысы, Шу қаласында туған. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін (1981) заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша; КСРО Прокуратура институтының Харьков филиалын (1985); Мәскеу КСРО прокуратурасы басшы кадрларының біліктілігін жетілдіру институтын (1989); әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген (2003).
Еңбек жолы: 1981-1982 жылдары Жамбыл облысы, Шу ауданы Атқарушы комитетінің жауапты хатшысы, 1982-1988 жылдары Мойынқұм ауданы прокурорының көмекшісі, 1986-1988 жылдары Жамбыл облысы прокуратурасы Тергеу басқармасының прокуроры, 1988-1989 жылдары ҚР прокуратурасы Тергеу басқармасының прокуроры, 1989-1994 жылдары Қызылорда облыстық прокуратура тергеу бөлімінің бастығы, облыс прокурорының орынбасары болып қызмет атқарған. 1994 жылы ҚР Бас Прокуратурасы сот актілерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі басқарма бастығы,1994-1995 жылдары ҚР Бас Прокуратурасы жанындағы мемлекеттік биліктің жоғары эшелондарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы прокурор, 1995-1997 жылдары Ішкі істер министрлігі органдарында, Мемлекеттік тергеу комитеті мен анықтаудың жедел қызметтерін қадағалау жөніндегі басқарма, салық қызметі, Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасы Кеден комитеті, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті Бас басқармасының бастығы, 1997-1998 жылдары Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті Департаментінің бастығы, 1998-2000 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы лауазымын атқарған. 2000-2003 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тергеу департаментінің бастығы, 2003-2007 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары, 2003-2007 жылдары ҚР Қаржы министрінің орынбасары – Кедендік бақылау комитетінің төрағасы, 2007-2011 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Шекаралық бақылау комитетінің вице-министр-төрағасы қызметін атқарған. 2013 жылдан бері ҚР Қорғаныс министрлігі жанындағы Әскери-стратегиялық зерттеу орталығының президенті. «KMG-Security» ЖШС бас директоры (Басқарма төрағасы).
I және II дәрежелі «Даңқ» ордендерімен (2004,2009), медальдармен марапатталған.
61 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Асқаржан Қапезұлы КЕНЖЕҒАРИН дүниеге келген.
Жоғары заңгерлік білімі бар.
Еңбек жолын заңгер мамандығы бойынша 1989 жылы Шұбартау аудандық нотариаттық кеңсесінің нотариусы лауазымынан бастаған. 1992-1996 жылдары Семей облысы Аягөз халық сотының атқарушылық және әкімшілік істер жөніндегі судьясы, 1996-1998 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Шұбартау аудандық сотының төрағасы, 1998-2015 жылдары ШҚО сотының судьясы болып қызмет атқарған. 2015-2017 жылдары Астана қаласы соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болды.
2017 жылдан бастап қазіргі қызметінде.
40 жыл бұрын (1984) Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ президенті Сергей Леонидович ПРОКОПЬЕВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. 2006 жылы Инновациялық Еуразиялық университетін «Қара және түсті металдар» мамандығы бойынша тәмамдады, Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет Ресей академиясында МВА біліктілігі бойынша білімін арттырды (2012 жыл). ЕҮ бизнес академиясында білім алған.
Еңбек жолын Ақсу ферроқорытпа зауыты №1 балқыту цехының көрікшісі болып бастаған. Кейін аға шебер болып жұмыс істеді, №1 балқыту цехын басқарды, өндірістік-техникалық басқармаға жетекшілік етті, ал 2014 жылы Ақсу ферроқорытпа зауытының өндірісі жөніндегі техникалық директорының орынбасары, 2014-2021 жылдары Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры болып қызмет етті. 2021-2022 жылдары «Қазхром» ТҰК» АҚ өндіріс жөніндегі вице-президенті лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2022 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.
«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған (2015).
39 жыл бұрын (1985) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры Нұркен Нұрғалиұлы ӘШІРОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Пионер ауылында дүниеге келген.
2002 жылы А. Жұбанов атындағы РҚМММИ, 2006 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «домбыра, оркестр әртісі, оқытушы» мамандығы бойынша профессор А. Тоқтағанның сыныбынан бітірген.
2013 жылы аталған оқу орнының магистратурасын «дирижер» мамандығы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жарасовтың сыныбынан бітірген. Өнертану магистрі.
Еңбек жолы: 2003 жылы Н.Тілендиев атындағы (бұрынғы «Отырар сазы» оркестрі) АФЭО әртісі, 2004-2010 жылдары оркестрдің Бас концертмейстері болды. 2007 жылы «Әлқисса» атты тұңғыш күйтабағы жарыққа шықты. 2008 жылдан бері М.Бесбаевтың «Тарту» тобынын мүшесі болды. 2008-2012 жылдары А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ ұстазы, 2012-2018 жылдары «Халық аспаптары» бөлімінің меңгерушісі болды.
2014 жылдан бастап өзі кұрған «Талас» этно-поп оркестрінің Көркемдік жетекшісі және Бас дирижеры.
Н.Әшіров – көптеген беделді конкурстардын лауреаты.
Қазіргі қызметін 2023 жылдан бері атқарып келеді.
24 жыл бұрын (2000) әртіс, әнші Мирас ЖҮГІНІСОВ дүниеге келді.
Орал қаласында дүниеге келген.
Туған ағаларымен бірге «Ағайынды Жүгінісовтер» триосы ретінде өнер көрсетті. Рүстем, Мұхаммедәли және Мирас – халықаралық байқаулардың жүлдегерлері әрі жеңімпаздары. Мирас Грузиядағы «Жібек жолының жұлдыздары-2018» фестиваліне қатысқан.
2021 жылдың 13 қарашасында «Шыда» әніне бейнебаян шықты. Сол уақыттан бастап ол көпшіліктің сүйікті әншісіне айналды. 2022 жылдың 15 ақпанында Мирастың дуэт болып шырқаған «Роман» әні жарыққа шықты.
Мирастың сондай-ақ көпшілікке танымал «Зымыран» (2021); «Сен туралы» (2021); «Кызғанамын» (2021); «Ойлай берем» (2022); «Мама» (2022) әндері бар.