20 қазан. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат қазан айының 20-на арналған «Тұлғалар туған күн» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

90 жыл бұрын (1932-2016) ақын, прозашы, журналист-публицист, қоғам қайраткері Нұрғожа Нарынбайұлы ОРАЗ дүниеге келген.

Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданы «Октябрь» колхозында туған. 1956 жылы Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген соң туған ауылында мұғалім болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Кейін Қостанай облыстық «Коммунизм туы» газетінде тілші болып қызмет атқарған. 1963 жылы Целиноград қаласына қоныс аударып, өлкелік «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа ауысады. 1965-1991 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесін басқарды. 1990 жылдан өмірден өткенше өзі ашқан әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Сарыарқа» (кейін «Жаңа Сарыарқа») журналының бас редакторы болды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М. Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006).

Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.


72 жыл бұрын (1950-1998) актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тоқсын ҚҰЛЫБЕКОВ дүниеге келді.

Алматы облысының Кербұлақ ауданында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

1968-1970 жылдары Амангелді ұжымшарында мәдениет үйінің меңгерушісі, Қазақ радиосының дикторы, режиссері болып істеді. Сондай-ақ, ол сол тұста көрермендердің сүйікті бағдарламалары болған «Қымызхана», «Алтыбақан», «Жебе» телехабарларының жүргізушісі болды. 1984 жылдан өмірінің соңына дейін «Тамаша» ойын-сауық отауының құрамында өнер көрсетті.

«Жігер» жастар фестивалінің лауреаты.


59 жыл бұрын (1963-2008) ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы Анатолий Михайлович ХРАПАТЫЙ дүниеге келді.

Ақмола облысының Атбасар қаласында туған. Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтын бітірген. Алғашқы бапкері – А. Сидоров. Ол Қазақстан және КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, екі мәрте Азия чемпионы және Орталық Азия ойындарының, Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы, бес дүркін Еуропа және әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының алтын (Сеул, 1988) және күміс (Атланта, 1996) жүлдегері болған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.


58 жыл бұрын (1964) Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Исламұлы ИМАНҚҰЛОВ дүниеге келді.

Орынбор облысында туған. Орынбор ауылшаруашылық институтын, Л. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары университетін бітірген.

Еңбек жолын 1987 жылы «Мағаджан» кеңшарында мал дәрігері, аға зоотехнигі, «Мағаджан» кеңшарының директоры, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақтөбе аумақтық басқармасы шекарадағы және көліктегі мал дәрігерлік және фитосанитарлық бақылау бөлімінің бастығы, Ақтөбе облысының жер қойнауын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы болып жұмыс жасады.

Әр жылдары Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасын, Тобыл-Торғай экология департаментін, Ақтөбе облысы бойынша экология департаментін басқарды.

Бұл қызметке тағайындалғанға дейін Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасын басқарды.


46 жыл бұрын (1976) Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы ҚЫРЫҚБАЕВ дүниеге келді.

Целиноград қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) дүниеге келген. 1992 жылы Жезқазған облысы, Приозерск ауданының Шашубай кентінде (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы) №7 мектепті бітірді. 1992-1996 жылдары Қазақ Мемлекеттік Экономикалық Университетінде «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша оқыды.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД және Балтия елдері басқармасының референті ретінде бастады. 1997 жылғы сәуір-мамыр айларында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ТМД департаментінде атташе болып қызмет атқарды. 1997 жылдың мамырында Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігіне атташе ретінде тағайындалды. 1999 жылдың наурыз айынан 2000 жылдың шілде айына дейін Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің үшінші хатшысы қызметін атқарды. 2000 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жолдамасымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясына оқуға түсіп, оны тәмамдағаннан кейін ТМД Комитетінің Орта Азия және Закавказья бөлімінде Екінші хатшы болып қызмет етті. 2002 жылғы қазаннан бастап – «Корпорация «АВЕ» ЖАҚ Стратегия және маркетинг департаментінің директоры, кейін Корпоративтік даму департаментінің директоры. 2004 жылғы қарашадан 2005 жылғы наурызға дейін «К-МАРТ» ЖШС бас директоры міндетін бірлесе атқарды. 2005 жылғы наурыз-мамырда Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2005 жылғы мамырдан 2006 жылғы сәуірге дейін Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту қорының директоры қызметтерінде болды. 2006 жылдың сәуірінен 2008 жылдың ақпанына дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық-саяси жұмыс және қоғаммен байланыстар департаментінің директоры, ал 2008 жылғы ақпаннан бастап 2010 жылғы қаңтарға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы болып қызмет етті. 2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың ақпана дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі болды. 2014-2015 жылдары – «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі. 2015-2019 жылдары – Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2019-2022 жылдары Nur Otan партиясының хатшысы.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді.


44 жыл бұрын (1978) Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Ескендір Қайырбекұлы ШЫНЫБАЕВ дүниеге келді.

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысында туған. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетінде құқықтану магистрі дәрежесн алған. Сонымен қатар Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының органдарында жұмыс істеген. 2000-2014 жылдары түрлі қызметтерде, атап айтқанда прокуратура органдарында және экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департаментте жетекшілік қызметтер атқарған. 2014-2016 жылдары – Зырян аудандық сотының судьясы; 2016-2021 жылдары – Шемонаиха аудандық сотының төрағасы.

2021 жылдың мамырынан бастап қазіргі қызметінде.


39 жыл бұрын (1983) Алматы облысының прокуроры Берік Абызбайұлы АДАМОВ дүниеге келді. Павлодар облысында туған. Қазақ Гуманитарлық-заң университетін, РФ Бас прокуратурасы Академиясын тәмамдаған.

Павлодар қаласы прокурорының көмекшісі, Астана қаласы Алматы аудандық прокурорының аға көмекшісі, Астана прокуратура басқармасының прокуроры, ҚР Бас прокуратурасы департаментінің Бірінші бөлімінде прокурор, Екібастұз қаласының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметін 2019 жылдың сәуірінен бері атқарып келеді.