«Педагогтер мен білім саласының барлық қызметкерлеріне айрықша алғыс білдіреміз. Бүгінде білім беру саласының 20 мың қызметкері тасқынға қарсы іс-шараларға ерікті ретінде қатысуда, оның ішінде 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр», - деді Еділ Оспан Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Балаларға және зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 300-ден астам мектеп психологы жұмыс істеуде.
Сонымен бірге, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің белсенді жұмысы ұйымдастырылған.
«Зардап шеккен елді мекендердегі балалар қажетті оқу-құралдарымен, сондай-ақ қашықтықтан оқу үшін техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді», - деді вице-министр.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі ең көп зардап шеккен аймақтарда тұратын балаларды сауықтыру орталықтарына жіберіп жатыр. Алғашқы лекте Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан 600 бала 11 сауықтыру орталығына қабылданған.