Жануар жеті облыстың аумағында қырылған
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, киіктен қауіпті ауру анықталмаған. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағында киіктердің өлекселерін жинау және жою жұмыстары атқарылып жатыр. Бағалы саналатын олардың мүйіздері де өлексесімен бірге жойылады.
- Аталған жұмыстар өңірлерде бірлескен ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритм аясында іске асып жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 сәуірге дейін 20 980 киіктің өлексесі жиналып, жойылды. Сондай-ақ аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында ветеринариялық қызметтер тарапынан өлекселерден сынамалар алынды. Нәтижесінде, бұл сынамаларда аса қауіпті ауруларға қатысты теріс нәтиже көрсетті. Министрлік тарапынан осы бағытта тиісті бақылау мен үйлестіру жұмыстары тұрақты түрде атқарылып жатыр, - делінген ведомство ақпаратында.
Экология министрлігі мамандары ақбөкеннің қырылуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр. Соның ішінде табиғи себептерді атап өтуге болады. Климаттық жағдайлардың күрт өзгеруі, қыс мезгілінде қардың қалың түсуі, көктемгі кезеңдегі күн райының күрт жылынуы секілді өзгерістер аңға өз әсерін тигізеді.
- Ғылыми ұйымдар мамандарының деректері бойынша, (Зоология институты) қалыпты жағдайда киіктердің күйлеу кезеңінде жыл сайынғы табиғи өлімі жалпы санының шамамен 20 пайызына дейін жетуі ықтимал, ал аталықтары 50 пайызға дейін өлуі мүмкін. Киік мекен ететін аумақтарда мұндай табиғи құбылыстар жиі кездеседі. Бүгінгі күнге дейін жүргізілген ветеринариялық зерттеулер нәтижесінде киіктер арасында пастереллез ауруы тіркелмеді, - деп нақтылады министрлік.
Атап айтқанда, 2025 жылғы көктемгі кезеңде көптеген киік өлексесі Ұлытау облысының Жезқазған және Қаражал қалалары маңында, сондай-ақ бір бөлігі су айдындарында табылғаны тіркелді. Экология министрлігі аталған жағдайларға ең алдымен климаттық фактолар әсер еткенін алға тартты. Бұл тұрғыда 2024-2025 жылғы қыс мезгілінің ерекше қарлы болуы әсер еткен. Қыс мезгілінде қардың қалың түсуіне орай азық қорынының азаюы киіктердің әлсіреуіне әкеліп соқты.
- Биылғы сәуір айының 1-9 аралығында киіктің табиғи өлімі бойынша 39 факті анықталып, 9 078 киік өлексесі табылды, - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.
Өлексені жою жұмыстарын кімдер жүзеге асырады?
Жақында әлеуметтік желіде Батыр Сейкенов есімді табиғат қорғаушы Ұлытауда киік өлекселерін жою жұмыстарына орманшылар мен аңшылық шаруашылығы мамандары, Экология министрлігіне қарасты мемқызметшілер жұмылдырылғаны туралы видеосын жариялаған еді. Оның сөзіне қарағанда, ақбөкендердің өлексесі басқа да облыстардың аумағында шашылып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлытау облысында 14 мыңға жуық киіктің өлексесі жойылғаны мәлім болды.