Комиссия отырысында Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндердің материалдары қаралды. Тиісті жарлыққа Елбасы қол қойғаннан кейін 20 мың адамнан аса адам Қазақстан Республикасының жаңа азаматтары болады, бұлардың ішінде қазақтар және ТМД елдері мен алыс шетелдерден келген басқа ұлт өкілдері бар.
«Бүгінгі отырыс еліміздің тарихындағы айрықша күн - тәуелсіз Қазақстан Астанасының күні қарсаңында өтуінің маңызы ерекше. Астана дамыған орталық болып қана қоймай, сонымен бірге қазіргі замандағы орасан зор урбанистік жобалардың бірі ретінде егемен Қазақстанның үлкен әлеуетін көрсетеді. Бүгін біздің азаматтығымызды алуға және қазақстандық болуға ынта білдіріп отырған 20 мыңнан аса адамның өтініштерін қарастыруымыз да оның дәлелі болып табылады», - деп Қанат Саудабаев атап өтті.
Бұл сандар соңғы жылдардың өсу үрдісін жалғастырады, осы жылдар аралығында біз жаңа азаматтардың елімізге тұрақты келуін байқаймыз, оның ішінде қазақтармен қатар басқа да ұлттардың өкілдері бар. Еліміз егемендік алғалы бері Республиканың азаматтығына 600 мыңнан астам адам қабылданды, оның ең көп бөлігі соңғы бірнеше жылда қабылданған.
Бұдан әрі Қ.Саудабаев: «Қазақстанның азаматы болуға әртүрлі елдерден талпынушы адамдардың санының өсуі Ұлт Көшбасшысы деп танылған, - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жетістіктерінің жоғары дәрежеде халықаралық мойындалуы оның тағы бір дәлелі, - деп атап көрсетті.
Біз мереке қарсаңында жаңа қазақстандықтарды қарсы алуға қуаныштымыз және оларға бақыт, амандық, жемісті өмір және табыс тілейміз. Жауапты мемлекеттік органдардың міндеті - олардың жаңадан тапқан отандарында тезірек бейімделуін қамтамасыз ету мәселелерін жылдам және жауапкершілікпен шешу», - деп қорытындылады сөзін Мемлекеттік хатшы - Сыртқы Істер министрі.