20 мыңнан астам ауыл тұрғыны «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға ниет білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын түсіндіру жөніндегі мобильдік топтарының биылғы 16 наурыз бен 17 сәуір аралығындағы жұмысы нәтижесінде 20 169 адам «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» және «Өрлеу» жобасына қатысуға ниет білдірді.

4343 қазақстандық - «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының, 362 азамат - «Өрлеу» жобасының қатысушысы болды, деп хабарланған министрліктің сайтында.

Жалпы аталған мерзімде 188 аудан (453 кент) қамтылды. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға азаматтар ең көп ниет білдірген Оңтүстік Қазақстан облысында өтініш білдірген 6982 адамның 2218-і қатысушы болды. Алматы облысында 1743 азаматтың 465-і, Маңғыстау облысында - 1122, Шығыс Қазақстан облысында - 970, Астана қаласында - 635 адам бағдарламаға қатысушы болды. Кейбір өңірлерде кенттерді қамту көлемі жоспардан аса орындалды. Айталық, Оңтүстік Қазақстан облысында мобильдік топтар қосымша 4 ауылды, Маңғыстау облысында - 49, Шығыс Қазақстан облысында - 51, Атырау облысында - 20, Қарағанды облысында - 49, Павлодар облысында - 27 ауылды аралады. «Өрлеу» бағдарламасына қатысуға ниет білдіргендер саны ең көп болған Шығыс Қазақстан облысында 4460 азаматтың 208-і қатысушыға айналды. Бұған дейін хабарланғандай, жалпы Қазақстан бойынша құрамына 441 қызметкер енген 178 мобильдік топ құрылды. Алғашында жұмыссыздық деңгейі жоғары, өздерін нәтижесіз жұмыспен қамтығандар және тұрмысы төмен тұрғындары көп, сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына қатысу деңгейі төмен 181 ауданның 404 ауылын қамту жоспарланды. Мобильдік топтардың жұмысы 2015 жылдың соңына дейін жалғасады.