20 наурыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 20 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
75 жыл бұрын (1950) «Табиғат» Қазақстанның кәсіпорындары мен қауымдастықтары экологиялық одағының төрағасы Мэлс Хамзаұлы ЕЛЕУСІЗОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Алматы біріккен авиажасағында бортсерігі, комсомол комитетінің хатшысы, Алматы қаласының Октябрь ауданында жедел комсомол жасағының командирі болды, 1978-1981 жылдары «Жетісу» аяқ киім фабрикасында, Алматы теміржолының байланыс дистансасында жұмыс атқарды. 1982-1984 жылдары «Зергер» бірлестігі бас директорының орынбасары болды. 1984 жылы «Алматы» кеңшарының бас инженері, 1984-1989 жылдары «Қазгипроводхоз» институты директорының орынбасары болып қызмет атқарған.
Қазіргі қызметінде — 1989 жылдан бері.
Қоғамдық конструкторлық бюро құрды, «Идея бар» деген журнал шығарды. Кен орындарында экологиялық сараптамалар жүргізуге қатысты. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ЮНЕП (БҰҰ) сыйлығының лауреаты. Копенгагенде және Канкунда өткен жаһандық климат жылынуы жөніндегі Бүкіләлемдік саммиттердің қатысушы.
62 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Ибатуллаұлы НӘУТИЕВ дүниеге келді.
Гурьев (қазіргі — Атырау) облысында дүниеге келген. 1994 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын зоотехник, 2001 жылы Х. Досмұхамедова атындағы Атырау университетін қаржы және несие, 2003 жылы «Қайнар» Орталық Азия университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1986-1987 жылдары Махамбет ауданының «Бахсай» совхозындағы ветеринарлық дәрігер, 1987-1989 жылдары «Бақсай» совхозындағы комсомол ұйымының хатшысы, 1989-1992 жылдары Комсомол комитетінің хатшысы және Махамбет ауданының жастар комитетінің төрағасы, 1992-1993 жылдары Махамбет ауданы әкімдігіндегі экономика комитетінің төрағасы, 1993-1997 жылдары Махамбет ауданы әкімінің орынбасары, 1997-2003 жылдары Қызылқоға ауданының әкімі, 2003-2008 жылдары Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі, 2008 жылы Атырау облысы әлеуметтік қорғау Департаментінің директоры, 2009 жылы Атырау облысы Индер ауданының әкімі, 2009-2014 жылдары «АИНА» компаниясы директорының орынбасары, NCPOC қоғамдық компаниясымен байланыс жөніндегі маман, 2014-2015 жылдары Атырау облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы, 2015-2016 жылдары Атырау облысы Махамбет ауданының әкімі, 2016-2021 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2021-2023 жылдары Атырау облыстық мәслихатының хатшысы қызметін атқарған.
Қазіргі қызметінде — 2023 жылдың қаңтарынан бастап.
«Құрмет» орденімен (2005); «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
58 жыл бұрын (1967) Ақтөбе қалалық мәслихатының төрайымы Анар Нұрлыбекқызы ДАРЖАНОВА дүниеге келді.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданында дүниеге келген. 1984 жылы Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебін, 1989 жылыГ.В.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2015 жылы Ақтөбе қаласындағы Қазақ-орыс халықаралық университетінің магистратурасын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1989-1999 жылдары Ақтөбе қаласында «Продтовары» АҚ, «Азық түлік» АҚ сауда саласында қызмет еткен. 1999-2006 жылдары Ақтөбе қаласы әкімдігінің бөлімдерінде мамандығы бойынша қызмет еткен. 2007-2016 жылдары «Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімі» ММ басшысы қызметін атқарған. 2016-2019 жылдары «Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы» ММ басшысы, 2019-2021 жылдары Ақтөбе облысы бойынша «Атамекен» ӨКП директоры болып жұмыс атқарды. 2021-2023 жылдары Ақтөбе қалалық мәслихатының жетінші шақырылымның төрайымы болды.
2023 жылдың 19 наурызынан бастап № 16 бір мандатты сайлау округі бойынша Ақтөбе қалалық мәслихатының сегізінші шақырылымның депутаты болып сайланды. 2023 жылдың 30 наурызынан бастап Ақтөбе қалалық Мәслихаты төрайымы қызметін атқаруда.
58 жыл бұрын (1967) ҚР Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Бибитәлиұлы УРАЗАЕВ дүниеге келді.
Ақтөбе облысында туған. 1991 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын ағылшын және неміс тілі оқытушысы мамандығы бойынша оқу бітірген. 1999 жылы Ресей Федерациясы СІМ халықаралық дипломатиялық курстарын бітірген.
Еңбек қызметі: 1993-2003 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің консулы, 2003-2004 жылдары ҚР СІМ ТМД істері жөніндегі комитетінің бөлім бастығы, ҚР СІМ ТМД істері жөніндегі комитетінің Ресеймен ынтымақтастық басқармасының бастығы, 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы уақытша сенімді өкілі, 2008-2011 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі ТМД департаментінің директоры қызметінде болды. 2011-2016 жылдары ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі (Ауғанстан жөніндегі арнайы өкіл), 2016-2021 жылдары Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2021-2022 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей, Кавказ және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы еуропалық елдері департаментінің директоры болды.
Қазіргі қызметінде — 2022 жылғы желтоқсаннан бастап.
49 жыл бұрын (1976) Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы Бас хатшысының орынбасары Талғат Мүбаракұлы АДУОВ дүниеге келді.
1998 жылы Ыстанбұл қаласындағы Мармара Түркия мемлекеттік университетінің халықаралық экономика факультетін бітірген. 2003 жылы Исламабадтағы Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында біліктілігін арттыру курсын аяқтады.
ҚР түрлі мемлекеттік құрылымдарында басшылық қызметтерде болды.
2021 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды. 2018-2020 жылдары «Отандастар Қоры» қоғамының бірінші вице-президенті болды. 2017-2018 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2016-2017 жылдары Ұлттық компаниясы «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасының орынбасары болыпжұмыс істеді. 2007-2016 жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор және президент протокол бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2006-2007 жылдары Қазақстан Сыртқы Істер Министрлігінде халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. 2003-2006 жылдары Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде консулдық бөлімнің меңгерушісі және 2-хатшы болып жұмыс істеді. 2006-2007 жылдары Қазақстан Сыртқы Істер Министрлігінде инвестициялар комитетінің 3-ші хатшысы қызметін атқарды. 1998–2001 жылдары жеке секторда басшылық қызметтерде болды.
II дипломатиялық дәрежедегі кеңесші. 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
2021 жылдың маусымынан бастап Адуов мырза ТҮРКПА Хатшылығында Қазақстан Парламентінің атынан өкілдік етеді және ТҮРКПА Бас хатшысының орынбасары болып табылады.
37 жыл (1988) Қазақстан Республикасының Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы тұрақты өкілі Тимур Қалдыбайұлы ТІЛЕГЕНОВ дүниеге келді.
2021 жылы Францияның Ұлттық азаматтық авиация мектебін (ENAC) «Әуе көлігін басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясын «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша, 2009 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша үздік бітірді.
Еңбек жолы: 2009-2019 жылдары ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің Азаматтық авиация комитетінде сарапшы, бас сарапшы, бас сарапшы — халықаралық қатынастар және авиациялық тасымалдар басқармасының аға мемлекеттік авиация инспекторы лауазымдарында жұмыс істеді. 2019-2022 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінде авиациялық тасымалдар және халықаралық әуе қатынасын реттеу басқармасының басшысы лауазымында жұмыс істеді. 2022-2024 жылдары ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
174 жыл бұрын (1851-1914) Түркі әлемінің қоғам қайраткері, саясаткер, ағартушы, қаламгер, газет редакторы, баспагер, түркінің ортақ ойшылы, жәдитшілдіктің негізін салушы Ысмайыл ГАСПЫРАЛЫ дүниеге келген.
Ол Бақшасарай медресесінде бастауыш білім алды. 1861 жылы Ақмешіттің орыс мектебіне түскен. Кейінгі үш жыл ішінде, 1867 жылға дейін Воронеждегі әскери училищеде және Мәскеудегі 2-ші әскери гимназияда оқыған. Гимназияда білім алған кезде ол Михаил Катковтың үйінде тұрды. 1868-1871 жылдары Бақшасарайдағы Зінжірлі медресесінде және Ялтадағы Дерекөй медресесінде дәріс берген. Балаларды оқытқан кезде білім берудің жаңа тәсілін жетілдірді. Бұл оқиға жәдидизм қоғамдық-саяси қозғалысының бастауы еді. 1871-1873 жылдары Парижде тұрған, журнал-жарнама агенттігінде жұмыс істеген. Орыс жазушысы Иван Тургеневтің жеке хатшысы болды. Орыс газеттері үшін мақалаларын жазуды бастады. 1873-1875 жылдары Ыстанбұлда тұрған. 1878 жылы наурыз айында Бақшасарай қалалық думасының басшысы болып сайланады, ал қараша айында қала әкімшілігінің басшысының орынбасары болып тағайындалады. 1879-1884 жылдарында Бақшасарай қаласының басшысы болып істейді. Қарапайым халық үшін аурухана ашқан, қалада көшелерге электр шамын орнатты. 1905 жылы Ресей Мемлекеттік Думасының бірінші шақырылымының депутаты болып сайланды, Думада мұсылмандардың «Иттифак-и-мүслимин» деген депутат тобын ұйымдастырған. 1883 жылдан бастап Бақшасарайда «Тәржіман» газетін шығарды. Бұл газет көптеген адамдардың санасын оятып, татар, қазақ, өзбек, тағы басқа халықтардың зиялы қауымының ойларына әсер еткен еді. Көп жылдар «Миллет» («Ұлт») апталық газетін, «Ха-Ха» сатиралық журналын, діни күнтізбелерді шығарған.
156 жыл бұрын (1869-1936) музыка сыншысы, этнограф, композитор Александр Викторович ЗАТАЕВИЧ дүниеге келді.
Ресейдің Орел облысында туған. Ресейдің Орел қаласындағы әскери гимназияны бітіріп, Варшавадағы (Польша) «Варшавский дневник» атты үкіметтік газеттің музыка және театр бөлімін басқарды.
1920 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборға көшіп келді. Осы кезеңнен бастап ол ғасырлар бойы ауызша таралып келген қазақ халқының музыка мұрасын нотаға түсіріп, ұлттық ән-күйлердің сақталып қалуына зор мүмкіндік жасады. Халықтың кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, орындаушылық шеберліктерін зерттеп, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет, т. б. шығармаларын алғаш рет жарыққа шығарды. Этнографтың «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының 1-ші басылымы 1925 жылы, 2-ші басылымы 1963 жылы шықты. 1931 жылы «Қазақтың 500 ән-күйі», 1971 жылы «Песни разных народов», жарияланбаған «Қазақ музыкасының 3-томы» деп аталатын жинақтарында қазақ халқының классикалық ән, күйлерінің үлгілері мол орын алған. Мұнда қазақ музыкасының көптеген теориялық және тарихи мәселелерінің беті ашылды. Ол қазақтың кәсіби музыкасының («Қазақ музыкасы» атты фортепьяналық шығармасы) негізін салушылардың бірі. 1925-1927 жылдары фортепьяналық пьесалар циклін, 1925 жылы «Халық тақырыбына жазылған миниатюралар», 1927 жылы «Қазақтың халық әндері тақырыбы бойынша фортепьяноға арналған пьсалар» жазды. 3атаевич қазақ музыкалық фольклорының жиналу дәстүрін қалыптастырып, одан әрі А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, М.Төлебаев, Л.Хамиди, т. б. жалғастырды.
110 жыл бұрын (1915-1986) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы ТӘШЕНОВ дүниеге келді.
Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай ауылында туған. Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген. Экономика ғылымының кандидаты.
1934-1939 жылдары Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудан жер бөлімінің меңгерушісі, 1939-1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары, 1944-1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948-1952), 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы, 1955-1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960-1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961 — 1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды.
Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.
90 жыл бұрын (1935-2011) Қазақстан халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді.
Алматы облысы Енбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. «Пионер» журналының әдеби қызметкері, «Жазушы» баспасының редакторы, аға редакторы, «Балдырған» журналының жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. «Балдырған» журналының бас редакторы болды.
Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы басылды. Бірнеше жинақтары орыс тілінде Мәскеу, Алматы баспаларынан шықты. Орыс және батыс классиктерінің, сондай-ақ туысқан республикалар ақындарының өлендерін қазақшалаған.
Н.Тілендиевтің, Ш.Қалдаяқовтың, Ә.Бейсеуовтың көптеген әндеріне өлең жазған («Құстар қайтып барады», «Әнім сен едің», «Ертіс вальсі», «Шақырады көктем», т.б).
«Парасат» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған. Республика Комсомолы сыйлығының, Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы Халықаралық сыйлығының иегері.