20 сәуір күні Гитлердің туған күнін атап өтпек болғандар ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу полициясы қаланың оңтүстік-шығысындағы клубтардың бірінде 40-қа жуық адамды ұстады, олардан пышақ, кастет және травматикалық қару тәркіленді, деп хабарлады «ВВС» агенттігі.

Ұсталғандардың арасында ұлтшылдығымен аты шыққан Дмитрий Демушкин бар. Клубқа келушілерде кеше, 20 сәуірде туған күні болған Адольф Гитлердің суреті алынған.

Демушкиннің өзі болса, тағы бірнеше ондаған адаммен бірге түнгі клубта емес, Дубровкадағы театр орталығында ұсталғанын, бірақ Гитлердің туған күніне қатысты ештеңе жоқ екенін айтып, ақталды.

«Біз 40 адамбыз, барлығымызды ұстады. Еш айып таққан жоқ, бірнеше сағаттан соң босатты. Гитлерге ешқандай қатысымыз жоқ. Біз 17 мамырда өтетін «пышақтасу» турнирін талқылауға жиналғанбыз», - деді Демушкин «Интерфакс» агенттігіне.

Оның айтуынша, олардан тәркіленген суық қаруды ұстауға рұқсат алынған. - Үш травматикалық тапаншаны ұстауға да лицензия бар, - деді ол.