20 сәуірден бастап елордада қандай кәсіпкерлік субъектілері жұмысын жандандырады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмурзаев қалада қызметі рұқсат етілген кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен қайта қалпына келтіру шаралары басталды. Қаланың жедел штабының шешімімен 20 сәуірден бастап жұмысын жалғастыратын кәсіпорындардың тізімі бекітілді», - деді Е. Бекмурзаев қала әкімдігінің баспасөз орталығындағы онлайн баспасөз мәслихатында.

Олардың қатарында: өнеркәсіптік, өндірістік кәсіпорындар; құрылыс саласы (құрылыс материалдарын өндіру және тасымалдау, оның ішінде жолдарды салу мен жөндеумен айналысатын компаниялар); санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейте отырып, ірі құрылыс дүкендері; көлік, қоймада сақтау, ауыл шаруашылығы саласына қызмет көрсету компаниялары; автокөлік салондары, автобөлшектер сататын дүкендер және қызмет көрсету станциялары (вулканизация, көлік жуу); химиялық тазалау, кір жуу қызметі; оргтехниканы жөндеу бар.

«Осы аталған салалар үшін жұмыс кестесі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін бекітілді», - деп нақтылады басқарма басшысы.

Мейрамханалар мен дәмханалар онлайн-тапсырыс бойынша жұмысын сағат 22: 00-ге дейін жалғастырады.

Сонымен қатар, екінші дәрежелі банктер сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Қызметкерлердің жалпы саны 50% аспауы керек. Ал нотариустар алдын ала жазылу арқылы жұмысын жалғастырады.