20 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 20 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық шахмат күні

Халықаралық шахмат федерациясының құрылуына орай 1966 жылдан бастап аталып өтеді. Бүгінгі таңда аталған ұйымға әлемнің 200-ге жуық елі мүше. Федерацияның өз туы, әнұраны және «Біз бәріміз бір отбасымыз» атты ұраны бар. Ойынның атауы парсы сөздерінен шыққан: шах мат – «билеуші қайтыс болды» дегенді білдіреді.

Шахматтың отаны – Үндістан. Онда V ғасырда чатуранга ойыны пайда болған. Шахмат – 64 тордан тұратын тақтаның үстіне 32 (16 ақ және 16 қара фигура) фигураны орналастыру арқылы ойнайтын ойын. Ойынның мақсаты – қарсыласыңның короліне мат қою. Халықаралық шахмат күнінде сайыстар, ойын-сауық шаралары өтеді.

Халықаралық торт күні

Қызықты әрі әзірге жас болып саналатын мейрам – елдер мен халықтар арасындағы бірлік пен достыққа арналған. 2011 жылы Торт күнін алғаш тойлауға белсенді араласқан Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Израиль, Молдавия, Ресей, АҚШ, Украина елдері халықаралық мейрамның негізін салушыларға айналды. Бұл күні әлемдегі алғашқы ұжымдық «көпұлтты» торт пісірілді. Оны дайындауға осы елдерден көптеген адам қатысты. Олар мейрамның сайтына өздері пісірген торттардың суреттерін жіберіп отырған. Содан бері Торт күні жыл сайын аталып өтетін тәтті дәстүрге айналды, ал әр елден қатысушылардың саны артып келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1969 жылы Дінмұхамед Қонаев Қапшағай ГЭС-і іргетасының символдық плитасын қойды.

2005 жылы Астананың Конгресс-Холлында Еуропарламент депутаты Струан Стивенсонның Семей ядролық сынақ полигонының қайғы-қасіретін бейнелейтін «Мәңгілік қасірет» атты фотокөрмесі болып өтті. Бірнеше жыл бұрын С. Стивенсон Семей өңіріне барып, 1000-нан астам фотосурет түсірген болатын, онда адамзатқа қастандық болып саналатын сынақтың бүкіл қорқынышы көрсетілген.

С. Стивенсон Семей полигонының мәселесіне көңіл бөлгені үшін «Семей қаласының құрметі азаматы» атағына ие болған. Сонымен қатар, ол кеңес ядролық сынақ қаруының құрбандары туралы жазған мақалаларының қаламақыларына Семей қаласындағы онкология орталығына медициналық жабдық сатып алып беріп, Семей өңірінің тұрғындарына заттай көмек көрсеткен.

2010 жылы Астананың заманауи өнер музейінде қазақтың ұлттық ою-өрнегі мен каллиграфия өнерінің көрмесі өтті. Оны Куала-Лумпур (Малайзия) қаласының Ресту қоры ұйымдастырды. Малайзиядан келген делегация алғаш рет Астанада екі жылдық зерттеудің нәтижесіне айналған жаңа, ерекше қазақ оюын таныстырды. Көрме қонақтарына қазақ ою-өрнегі, каллиграфиясы және қазақ тілінде әзірленген Құран туралы видеофильм көрсетілді.

2011 жылы Павлодардағы №8 лицейдің бітірушісі, «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері Жаслан Бараисов физикадан Бангкокта өткен беделді халықаралық олимпиадада (IPhO-2011) алтын медальды жеңіп алды. Ж. Бараисовтың есімі «Қазақстан үміті» және «Дарынды балалар – Қазақстанның болашағы» энциклопедиясына кіргізілді.

2012 жылы Зеренді ауданындағы «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Орманды бұлақ» орман шаруашылығының аумағында ашық аспан астындағы «Орманды-Бұлақ» музейі ашылды. Музей «Қошқарбай шатқалы» тарихи-табиғи қорығының аумағында орналасты. Бұл жерге адамдар шамамен 10 мың жыл бұрын, мезолит дәуірінде қоныстанған.

2014 жылы Бейжіңде алғаш рет домбыра курсы ашылды. Сабақты аптасына үш рет, 2 сағаттан қандасымыз Мұрал Бимұратұлы жүргізді. Үш топта 50 шақты адам болды, бірінші топта – тек қазақтар, екіншісінде – қытайлықтар, үшінші топ – аралас.

2017 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында, Арыс өзеніне жақын маңнан көне заманның теңгесі, астық сақтайтын құмыра, жазулар жазылған тақтайша және топтастыра жерленген адамдардың сүйегі табылды. Ол заттар бұл жерде біздің заманымыздың бірінші ғасырында Қаңлы мемлекетіне қараған гүлденген қала болғанын айғақтайды. Қаланың жасын анықтауға монетаның септігі тиді.

2022 жылы елордада Қазақстанның халық әртісі Ермек Серкебаевты еске алу үшін мурал салынды. Ермек Серкебаевтың бейнесі бар 30 метрлік мурал Қараменде би Шақаұлы көшесінде орналасқан тоғыз қабатты үйдің қасбетіне салынған.

2022 жылы қазақстандық Емберді Едіге Ташкентте жасөспірімдер арасындағы ауыр атлетикадан Азия біріншілігінде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. Отандық спортшы 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 309 (136 173) келі көрсеткішімен көш бастап, серпіп көтеруде «күміс» және жұлқып көтеруде «алтын» жеңіп алды. Сондай-ақ, Едіге «жұлқи көтеру» жаттығуында және қоссайыс сомасында Азияның жаңа жасөспірімдер рекордын орнатты.