20 тамыз. Жылнама

Фото: Kazinform/ Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform оқырман назарына 20 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1963 жылы Алматы халық шаруашылығы институты құрылды. Ол Республикаға қажетті жоғары білікті экономистерді даярлау проблемасын ұтымды шешті. Алғашқы жылдары интитуттың үш факультеті, күндізгі және сырттай оқу бөлімдері болды.

1994 жылы ел астанасында «Қазақтардың тарихи-көркем мұрасы» атты бірінші ұлттық мультимедиялық оқыту бағдарламасының тұсаукесер рәсімі өтті. Оқулықтың компьютерлік үлгісі белгілі ғалым Е.Арынның бастамасымен жүзеге асты.

1996 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы екіге бөлініп, Ш.Айманов атындағы Қазақ кинофабрикасы және ҚР Ұлттық продюсерлік орталығы құрылды.

2003 жылы «Ақ жауын» Мемлекеттік камералық оркестрі құрылды. Шығармашылық ұжымның алғашқы концерті 2004 жылғы наурыздың 21-інде Конгресс-холл сахнасында өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, танымал композитор Секен Тұрысбеков.

2004 жылы Ресейдің мемлекеттік қызмет академиясында қазақстандық «SHYGYS» журналының таныстырылымы өтті.

2007 жылы Петропавлда қазақстандық атақты велошабандоз, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» әлемдік веложарысының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Александр Винокуровке Солтүстік Қазақстанның Құрметті азаматы куәлігі табыс етілді. 2006 жылдың қыркүйек айында, облыстың 60 жылдығы атап өтілген шаралар аясында, облыстық мәслихат сессиясының шешімімен А.Винокуров тоғыз адамның қатарында «Солтүстік Қазақстанның Құрметті азаматы» атағына лайық деп танылған болатын.

2010 жылы «Қазпошта» АҚ Республиканың Конституция күніне арналған мерейтойлық почта маркасын айналымға шығарды.

2012 жылы «Алматы» велоклубына Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың есімі берілді.

2012 жылы Қазақстан Соломон аралдарымен дипломатиялық қатынас орнатты.

2012 жылы Вашингтондағы Смитсон институтының Фриер және Саклер галереяларында «Көшпенділер және олардың байланыстары: Қазақстанның көне мәдениеті мен өнері» атты көрменің ресми ашылу салтанаты өтті.

2013 жылы Қазақстан делегациясы Гонконг қаласындағы жыл сайынғы «Wikimania-2013» халықаралық конференциясының жұмысына қатысты.

2013 жылы Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Әбжан ауылында XVIII ғасырдың көрнекті тұлғасы, Орта жүз билеушісі Сұлтанбек сұлтан мен оның ұрпақтары Иман мен Жантемірге салтанатты түрде мазар ашылды.

2015 жылы Қазақстанда алғаш рет, Жамбыл облысындағы «Отар» 40-ыншы әскери базасында «Жауынгерлік достастық» атты халықаралық конкурс өткізілді. Онда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжікстанның әскери қызметшілері алты конкурс бойынша жарысқа түсті. Жарыс барысында Қазақстан армиясының әскери қызметшілері барлық сайыстардан оқ бойы озып алға шықты. Екінші орында – Беларусь Республикасының командасы, үшінші – Ресей Федерациясы.

2016 жылы Қазақстан-Қытай шекарасында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы ресми түрде өз жұмысын бастады.

2016 жылы Алматыдағы Дүниежүзілік 28-қысқы Универсиада-2017 медалінің дизайны бекітілді.

2018 жылы Чуньцын қаласында (Қытай) өткен CASTIC-2018 (The 33 China adolescents science &technology innovation contest) ғылыми жетістіктері бар жасөспірімдердің ғылыми-техникалық инновациялар байқауында қазақстандық Любовь Дудченко бірінші орын иеленді. Жерлесіміз байқау демеушілерінің тағы екі арнаулы аталымдарын – Гао Шичи атындағы Қордың ақшалай сыйлығын және Чунцын қаласындағы компанияның ақшалай сыйлығын жеңіп алды.

2020 жылы Астана қаласындағы Оқушылар сарайында «Әл-Фараби әлемі» оқу-тәрбие беру орталығы ашылды. Оның мақсаты – өскелең ұрпаққа әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби мұрасын жеткізу.

2021 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы медицина саласын дамытуға, бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін Төрегелді Шарманұлы Шармановқа берілді. Академикке арнайы төсбелгі мен құжатты ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев табыс етті.

2021 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауғанстанға көмек көрсету миссиясы Алматыға көшірілді. Қазақстандық тарап БҰҰ қызметкерлеріне қауіпсіздік пен басқа да параметрлерге қойылатын талаптарға сай келетін қолайлы баспана табуға көмек көрсетті.

Айта кетейік, БҰҰ басшылығы аталған миссияның жеке құрамының бір бөлігін уақытша орналастырудың түрлі нұсқаларын қарастырған болатын. Алматыны таңдауға түрлі факторлар, соның ішінде оңтүстік астананың ірі өңірлік қаржы және іскерлік белсенділік орталығы болуы, дамыған инфрақұрылымы, сондай-ақ әлемнің басқа елдерімен әуе қатынасының ыңғайлылығы себеп болды.

2021 жылы елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әскери-тарихи музей жанындағы алаңда мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневке ескерткіш ашылды.

Жұмабек Тәшенев ескерткішінің сәулетшісі – Қ.Қорғанов, мүсіншісі – Е.Ержанов. Мүсін қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 8,2 метр.

2021 жылы Қазақстанда отандық геологиялық барлау компаниялары алғаш рет Жезқазған кенді аумағында озық ғылыми-зерттеу әдістерін қолданды: 137 мың шаршы метр аумақта геохимиялық карта жасалды, 75 мың шаршы метр аумақта Жерді қашықтықтан зондтау, аэрогеофизикалық әдістер жүргізді.

Бұл әдістерді қолданудың нәтижесінде цифрлық ақпарат пен тереңдігі 2,5 км-ге дейінгі зерттеу аймақтары аудандарға бөлінді . Бұл өз кезегінде еліміздің минералдық-шикізаттық базасын нығайтудың жаңа көкжиектері мен перспективаларын ашады.

2022 жылы QazaqTV арнасы атауы JIBEK JOLY деп өзгертілді. Арнаның атауы ғана емес, хабар тарату жолы да өзгерді. Бұл Қазақстан Республикасының тұңғыш ұлттық спутниктік телеарнасы. Қазіргі уақытта ол «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ құрылымына кіреді.

2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам президенті Во Ван Тхыонгтың шақыруымен Ханойға ресми сапармен барды. Вьетнамның жоғарғы басшылығымен келіссөздер барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

2024 жылы Қазақстанда төлқұжат пен жеке куәлік беру ережесі жаңартылды. Осылайша, жеделдетілген рәсімдеу арқылы жеке куәлікті енді бір күнде алуға болады. Сондай-ақ, жеке басын куәландыратын құжаттар төтенше жағдай кезінде ғана емес, ол аяқталғаннан кейін 30 күн бойы жарамды болып есептеледі.

2024 жылы Қарағандыда Костенко атындағы шахтаның аумағында 2023 жылғы 28 қазанда шахтадағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілер құрметіне ескерткішті ашу рәсімі өтті. Ескерткіш қара граниттен тұрғызылып, қаза тапқан 46 кеншінің есімін мәңгі қалдырады. Ескерткіштің айналасы абаттандырылып, ағаштар отырғызылды.