20 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

Фото: None
АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 20 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

20 тамыз, СЕЙСЕНБІ Бүгін - Венгрия Республикасының Ұлттық мейрамы - Венгер мемлекетінің негізін қалаушы әулие Иштван күні. Қазақстан Республикасы мен Венгрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы наурыздың 24-інде орнатылды. Бүгін - Эстонияның тәуелсіздігін қалпына келтіру күні. 1991 жылы тамыздың 20-да Эстон КСР Жоғары Кеңесі КСРО құрамынан тыс, ұлттық тәуелсіз Эстон мемлекетін құру туралы қарар қабылдады. Бүгін - Тайванда махаббат күні. Бүгін Алжирде күрескер күні атап өтіледі. 1955 жылы тамыздың 20-да Алжирде ұлт бостандығы үшін қарулы көтеріліс басталды. ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 18 жыл бұрын (1996) Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы екіге бөлініп, Ш.Айманов атындағы Қазақ кинофабрикасы және ҚР Ұлттық продюсерлік орталығы құрылды. 11 жыл бұрын (2003) Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен «Ақ жауын» Мемлекеттік камералық оркестрі құрылды. Шығармашылық ұжымның алғашқы концерті 2004 жылғы наурыздың 21-інде Конгресс-холл сахнасында өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, танымал композитор Секен Тұрысбеков. Оркестр дирижері Қазақ КСР-інің халық әртісі, Халық қаһарманы, дирижер-композитор Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті, доцент Қарасай Сайжанов. Оркестр «Шабыт» халықаралық жастар шығармашылық фестивалінің, «Дарын» сыйлығының және «Жігер» фестивалінің лауреаты болған. 15 жыл бұрын (1999) Астанада «Қазақтардың тарихи-көркем мұрасы» атты бірінші ұлттық мультимедиялық оқыту бағдарламасының тұсаукесер рәсімі өтті. Оқулықтың компьютерлік үлгісі белгілі ғалым Е.Арынның бастамасымен жүзеге асты. 75 жыл бұрын (1939) В.Жуков басқарған кеңес әскері Халқын-көл маңында жапон агрессорларына күйрете соққы берді. Қыркүйектің ортасында Моңғолия аймағы жапондықтардан толық тазартылды. 50 жыл бұрын (1964) ИНТЕЛСАТ атты спутниктік байланыс жөніндегі халықаралық ұйым құрылды. Ұйымның шығу тарихына келер болсақ, 1962 жылы АҚШ конгресі мемлекеттік және жеке компаниялардың және басқа да мемлекеттердің телекоммуникация саласынының қажеттілігін қанағаттандыратын, сонымен қатар басқа мемлекеттермен ынтымақтаса отырып, спутниктік байланыстың коммерциялық жүйесін құру мақсатында Спутниктік байланыс туралы Заң қабылдады. Осыған орай 1964 жылы тамыздың 20-ында 11 елдің өкілі бүкіләлемдік спутниктік байланыстың коммерциялық жүйесін құру бойынша уақытша іс-шаралар туралы келісімге қол қойды. 10 жыл бұрын (2004) Ресейдің мемлекеттік қызмет академиясында қазақстандық «SHYGYS» журналының таныстырылымы өтті. 9 жыл бұрын (2005) Алматыда тамыздың 20-25 аралығында Шанхай қаласының (ҚХР) мәдени күндері өтті. Шара аясында белгілі Лю Хай Су галереясы мұражай экспонаттарының көрмесі, «Шанхайские впечатления» атты фотокөрмесі, Шанхайдың халық аспаптар оркестрінің концерті өтті және «Жабайы зебра» балеті қойылып, төрт қытай фильмінің көрсетілімі болды. Шанхай Шығыс-Қытай теңізіне құятын Янцзы өзенінің сағасында орналасқан. Экономикасы дамыған үлкен мегаполис ретінде танымал. Қаланың ауданы - 6 мың шаршы метр. 7 жыл бұрын (2007) Ақмола облысының Степногорск қаласында «Молодежь, окружающая среда и устойчивое развитие: понимание и участие» атты республикалық жастар экологиялық форумы өтті. Ұйымдастырушысы - БҰҰ қоршаған ортаны қорғау (UNEP) бағдарламасының қолдауымен «Адам денсаулық институты» атты жастардың қоғамдық бірлестігі. Мақсаты қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын үкіметаралық, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметімен жастар тобы өкілдерін таныстыру, ұлттық жастар экожүйені нығайту үшін белсенді жастарды біріктіру, жастар мен мемлекеттік қызметтер және қоғам арасындағы ынтымақтастықты қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге бағыттау болып табылады. 7 жыл бұрын (2007) Петропавлда қазақстандық атақты велошабандоз, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, «Тур де Франс» әлемдік веложарысының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Александр Винокуровке Солтүстік Қазақстанның Құрметті азаматы куәлігі табыс етілді. 2006 жылдың қыркүйек айында, облыстың 60 жылдығы атап өтілген шаралар аясында, облыстық мәслихат сессиясының шешімімен А.Винокуров тоғыз адамның қатарында «Солтүстік Қазақстанның Құрметті азаматы» атағына лайық деп танылған болатын. ЕСІМДЕР 96 жыл бұрын (1918-1990) философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі ЖАНДІЛДИН Нұрымбек дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын, Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. 1949 жылы Қазақстан Компартиясы жанындағы Республикалық партия мектебінің кафедра меңгерушісі болған. 1951-1955 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының сектор меңгерушісі. 1956-1957 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия тарихы институтының директоры. 1957-1965 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы және бюро мүшесі. 1965-1967 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының академик хатшысы. 1967-1976 жылдары - Алматы шет ел тілдері институтының ректоры. 1976 жылдан Алматы темір жолл көлігі инженерлері институтының кафедра меңгерушісі болған. ғалымның негізгі ғылыми еңбектері тарихи прогресс, ұлттық қатынастар мен ұлт мәдениетін дамыту, ұлттық психология мәселелеріне арналған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен марапатталған. 86 жыл бұрын (1928-1996) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі СҮЛЕЙМЕНОВ Сұлтан Тәшірбайұлы дүниеге келді. Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Шымкент технологиялық институтын, Қазақ КСР Ғылым академиясының Сәулет және құрылыс материалдары институтының аспирантурасын бітірген. 1952-1956 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы Сәулет және құрылыс материалдары институтының кіші ғылыми қызметкері. 1956-1976 жылдары - Шымкент химия-технология институтының аға оқытушысы, деканы, силикаттар технологиясы кафедрасының меңгерушісі, ректоры. 1976-1978 жылдары - Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының профессоры. 1978 жылдан Алматы құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу және жобалау институтының директоры қызметін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері шыны және ситалдар алу, сондай-ақ баяу балқитын қосылыстар негізінде жаңа анорганикалық материалдар мен жабындылар алудың ғылымы негізі мен технологиясына арналған. 25 авторлық куәліктің иегері. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. 86 жыл бұрын (1928-1978) кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері КРЫЛОВ Виктор Иванович дүниеге келді. Ресейде туған. Алматы көркемсурет училищесін, Латыш көркемсурет академиясын бітірген. 1955 жылдан Қарағанды да тұрып жұмыс істеген. 1964-1971 және 1976-1978 жылдары Қазақстан Суретшілер одағы Қарағанды бөлімшесінің төрағасы болған. оның таңдаулы жұмыстары қатарында «Қарағанды армандастары», «Шахтерлер майданға аттанды. 1941 ж.» «Индустриялы Қарағанды», т.б. туындылары бар. 77 жыл бұрын (1937) кино және театр режиссері, РФ Мемлекеттік сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, РФ халық әртісі Андрей МИХАЛКОВ-КОНЧАЛОВСКИЙ дүниеге келді. 76 жыл бұрын (1938) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СӘРСЕНБАЙ Оразбек дүниеге келді. Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1966- 1987 жылдары «Жас алаш» газетінің, «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Өнер» баспасының директоры қызметтерін атқарған. 1996 жылдан - «Қайнар» баспасының директоры. Қаламгердің «Даңқ», «Жалғыз күрке», «Сағым», «Таңбалы тас», «Бақыт құсы», «Жиде гүлдегенде», «Жақсылық көзі», «Замандас», «Уәде», «Таңдамалы», «Шамшырақ», «Менің мекенім», «Өмірнама», «Шеңбер», «Жарық дүние» романдар, повестер, өлеңдер мен әңгімелер жинақтары жарық көрген. Көркем аударма саласында В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искандердің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Сондай-ақ «Құран Кәрім», «Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистері», «Қасиетті дұғалар», «Адал мен арам», «Мұсылмандық әдеп сабағы», «Мұхтасар» кітаптарын қазақ тіліне аударуға қатысқан. Көптеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған. «Долана» әңгімесі желісінде көркем фильм түсірілген. «Құрмет» орденімен марапатталған. 61 жыл бұрын (1953) медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылыми академиясының академигі, Гамбург медицина және профилактика академиясының, Польша Медицина академиясының академигі, Халықаралық туберкулез бен өкпе ауруларына карсы күрес одағының мүшесі, Қазақстан Фтизиатрлар қауымдастығының президенті, денсаулық сақтау ісінің үздігі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері МОМЫНОВ Талғат Әшірұлы дүниеге келді. Шымкент қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1984-1994 жылдары Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының ассистенті, кафедра меңгерушісі. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма бастығы. 1995-2008 жылдары С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры болған. Ғалымның 200-ден асам ғылыми еңбегі, оның ішінде 10 монографиясы, 2 оқулығы, сонымен қатар орысша-қазақша ағылшын-қазақша медициналық сөздіктері бар. «Құрмет» орденімен, Польша Медицина академиясының Альберт Швейцер атындағы «Гуманизм және медицина ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» Алтын медалімен марапатталған. 80 жыл бұрын (1934-2002) КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі ӘБДРАХИМОВА Дина Ерғазықызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қарағанды облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, хатшысы қызметтерін атқарған. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Әлеуметтік қамтамасыз ету министрі. 1990-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ардагерлер, мүгедектер, әскери қызметкерлер ісі жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, Халықтың денсаулығын сақтау және оны әлеуметтік қорғау комитетінің мүшесі. 1995-2002 жылдары Халел Досмұхамедов атындағы қордың президенті болып істеген. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 80 жыл бұрын (1934) шығыс жекпе-жегінің шебері, Қазақстан Республикасының ушу-саньдадан еңбек сіңірген жаттықтырушысы РУБЦОВ Михаил Иванович дүниеге келді. Қытай елінде туған. 70-ші жылдардың басында Қазақстанға көшіп келіп, аты-жөнін өзгертіп, шығыс жекпе-жегінің түрлері каратэ, ушуды дамытуға зор үлес қосқан. 1979 жылы Қазақстан Республикасының каратэден ресми түрде аға жаттықтырушысы болған. М.Рубцов Қазақстан Республикасы Муайтай федерациясының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық турнирлер мен КСРО кубогының жүлдегері, Қазақстанның ушу-саньдадан бірнеше дүркін чемпионы, Азия, және Еуропа біріншіліктерінің жеңімпазы, Әлем чемпионы, Ушу-саньдадан Азиялық кәсіби лигада екі рет чемпиондық белбеуді жеңіп алған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аманқұлов Фархатты дайындаған. Сондай-ақ тәрбиеленушілер қатарында Қазақстан Республикасы Муайтай федерациясының президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің вице-президенті, Халықаралық Муайтай федерациясының вице-президенті, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ағайынды Аманқұловтар, Даулет Бейсенов, Саттар Байсейітов, Нұрзат Ордабаев, Асқар Дүсенов, тағы басқалар бар. 70 жыл бұрын (1944) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі МЕДЕУОВ Есенгелді Өміржанұлы дүниеге келді. Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Қазақ политехникалық институтының ассистенті, Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институтының кіші ғылыми қызметкері болған. 1984-1989 жылдары - Қазақ политехникалық институтының доценті, физика-математика факультетінің деканы, партия комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппаратының аға рефереті, сектор меңгерушісі. 1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары. 1996-1998 жылдары - Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің ректоры. 1998-2001 жылдары - М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры. Қазіргі қызметінде 2008 жылдан бастап істейді. Ғалымның 100-ден астам ғылыми жарияланымы және «7 сыныпқа арналған алгебра» атты оқулығы бар. «Құрмет» орденімен, медальмен марапатталған. 65 жыл бұрын (1949) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі АМАНЖОЛОВ Мағауия дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Қылқалам шеберінің «Қыстаудағы көктем», «Әкем екеуіміз», «Әке жолы», «Өткен күндер әуені», т.б. өнер туындылары бар. 55 жыл бұрын (1959) тарих ғылымының докторы, профессор АРТЫҚБАЕВ Жамбыл Омарұлы дүниеге келді. Қарағанды облысында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, тарих факультетінің деканы, зертхана меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2003 жылдан бастап Павлодар мемлекеттік университетінің археология, этнология және Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі болып істейді. 70 жыл бұрын (1944-1991) 1984-1989 жылдардағы Үндістанның Премьер-Министрі ГАНДИ Раджив дүниеге келді. Бомбейде туған. Оның атасы Джавахарлал Неру 1947-1964 жылдары Үндістанның премьер-Министрі болса, шешесі Индира Ганди де 1966-1977 және 1980-1984 жылдары осы лауазымды иеленген болатын. Р.Ганди Лондондағы Империал колледжде, Кембридж университетінің Тринити колледжінде білім алған. Үндістанға оралғаннан кейін «Индиан эйруэйз» компаниясында жұмыс істеген. Ал інісі Санджай Индира Гандидің басты саяси көмекшісі және Жастар конгресінің көшбасшысы болатын. Саясатқа араласуға ниеті жоқ Раджив інісі Санджай әуе апатынан қайтыс болғаннан кейін И.Гандидің өтінішімен араласып, бауырының парламенттегі және жастар конгресіндегі орнын басады. 1984 жылғы маусымдағы Амритсардағы әскери әрекеттер үшін сикхтер Индира Гандиді сол жылы қазанның 31-інде өлтіреді де Министрлер кабинеті Раджив Гандиді премьерлікке сайлайды. Бірнеше күннің ішінде индустар мыңдаған сикхті өлтіреді де Раджив тәртіпті қалпына келтіру үшін еріксіз әскер күшіне жүгінеді. Сол жылы жалпы сайлау өтіп, төменгі палатанының 80 пайызын иеленген Үндістан ұлттық конгресі жеңіске жетеді. Р.Ганди Үндістанға келетін шет ел тауарларына көптеген шектеулерді алып тастап, 1986-1990 жылдары ел экономикасының өсуіне мүмкіндік берді. 1989 жылы қарашада өткен сайлауда депутаттық орнын сақтағанымен, парламенттегі одақтастарының азаюына байланысты Премьер-Министрліктен бас тартуға мәжбүр болды. 99 жыл бұрын (1915-1996) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ТӘЖІБАЕВ Лашқар Есенқұлұлы дүниеге келді. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында (Төлеби ауданы) туған. Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын (Ташкент ирригация және мелиорация институты) бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1942-1943 жылдары - Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінде инженер, басқарма бастығы. 1943-1949 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесінің су шаруашылығы және энергетика тобының бастығы, аға референт. 1949-1951 жылдары - Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы Ғылым академиясының Қазақ бөлімі республикалық тәжірибе-мелиориация станциясының директоры. 1951-1962 жылдары - Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) деканы. 1962-1963 жылдары - Қазақ КСР Министрлігі Кеңесінің Су қорларын пайдалану және қорғау жөніндегі Мемлекеттік комитеттің бастығы. 1963-1996 жылдары - Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Гидротехника және мелиорация» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері су мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуге, егістік жерлерді суландыруға және мәдени жайлымдарды автоматтандыруға арналған. «Водные ресурсы и схемы водоснабжения сельскохозяйственных территорий» (1963г.), «Основы водоснабжения сельскохозяйственных районов Казахстана» (1970ж.), «Автоматизированное культурное пастбище» (1987ж.), «Основы гидравлики и гидромеханизации сельскохозяйственного производства» (1986ж.), «Ауыл шаруашылық тұтынушыларын сумен қамтамасыз ету және жайылымдарды суландыру» (1992ж.) атты еңбектері жарық көрген. 2003 жылы Қазақтың ұлттық аграрлық университетінің «Гидротехника және мелиорация» кафедрасына профессор Лашқар Есенқұлұлы Тәжібаевтің аты берілген. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 49 жыл бұрын (1965) қоғам қайраткері ӘБЕНОВ Мұрат Абдуламитұлы дүниеге келді. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. 1990-1991 жылдары -Сәкен Сейфуллин атындағы № 4 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі. 1991-1993 жылдары - Қызылорда қалалық білім беру бөлімінің кадр және негізгі қызмет жөніндегі инспекторы, Қызылорда қаласындағы 1 май атындағы №1 Қазақ мектеп-лицейі директорының оқу ісі және тәрбие жөніндегі орынбасары. 1993-1998 жылдары - Алматы қаласындағы «Атамекен» ЖШС директорының коммерциялық қызмет жөніндегі орынбасары. 1998-2000 жылдары - Қызылорда облысы әкімі аппаратының бақылау-ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі. 2000-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы. 2002-2005 жылдары - Қызылорда облыстық ішкі саясат департаментінің директоры. 2005-2007 жылдары - Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. 2007 жылғы ақпанынан тамызға дейін Қызылорда облысы әкімінің аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарған. 2007 жылдың қыркүйегінен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясы азаматтық қоғам институттарымен, мәслихаттарымен байланыс кеңесінің мүшесі. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 83 жыл бұрын (1931-2007) геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы СӘТБАЕВА Мейіз Қанышқызы дүниеге келді. Жезқазған облысының (қазіргі Қарағанды облысы) Жезді ауданында туған. Қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. 1954-57 жылдары - Түлкібас экспедициясының инженер-геологы. 1957-1960 жылдары - Оңтүстік Қазақстан экспедициясының инженер-геологы. 1960 жылдан бастап Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтының кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері. Мейіз Сәтбаеваның ғылыми жұмыстары Жезді кенішін, Жаман-Айбат, Жыланды тобы, Айнақ (Ауғанстан) кеніштерін зерттеумен байланысты. Оның екі монографиясы, 78 ғылыми мақалалары бар. 62 жыл бұрын (1952) ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы ШЕР Раиса Петровна дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы шетел тілдері институтын бітірген, неміс тілі мұғалімі. 1973-1976 жылдары - орта мектепте неміс тілі мұғалімі. 1976-1986 жылдары - Алматы облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының шетел тілдері кабинетінің әдіскері. 1986-1988 жылдары - Алматы облыстық білім басқармасының, Алматы қаласы Әуезов аудандық білім бөлімінің инспекторы. 1988-1992 және 1994-1995 жылдары - орта мектеп директоры. 1992-1994 жылдары - Әуезов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1995 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, ҚР Президенті жанындағы отбасы, әйелдер ісі және демографиялық саясат жөніндегі кеңес мүшесі, БҰҰ өкілдігі жанындағы «Әйелдер және даму» гендерлік бюросының төрайымы болды. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдан бері. 63 жыл бұрын (1951) ҚР Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі СӘТҚАЛИЕВ Молдағали Әбдіғалиұлы дүниеге келді. Алматы облысы Панфилов ауданының Жаркент ауылында дүниеге келді. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Еңбек экономикасы» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының кандидаты. Институтты аяқтаған соң, еңбек жолын 1977 жылы ҚР Көлік министрлігінің Алматы жүк автобасқармасына қарасты № 1 автокомбинатта инженер-нормалаушы болып бастады, кейіннен ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінде аға бақылаушы-тексеруші лауазымынан Комитет Төрағасының орынбасарына дейін көтерілді (1978-1997), Алматы облыстық салық комитеті Төрағасының бірінші орынбасары, Төрағасы (1998-2000), Алматы облысы бойынша қаржылық бақылау басқармасының бастығы (2000-2001), Алматы облыстық қаржы басқармасының бастығы (2001-2005), Алматы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы (2005-2006), Алматы облысы әкімінің кеңесшісі (2006-2008), Бәсекелестікті қорғау агенттігінің (Монополияға қарсы агенттік) Алматы облысы мен Алматы қаласы бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы (2008-2009), Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бақылау бөлімінің меңгерушісі (2009-2010) болып қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 2010 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болып тағайындалды. Қаржы және қаржылық бақылау туралы бірқатар мақалалары баспасөзде жарияланды. «Құрмет» орденімен (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005), «Астананың 10 жылдығы» (2008), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтойлық медальдарымен марапатталды. 46 жыл бұрын (1968) Алматы қаласы әкімінің орынбасары ШОРМАНОВ Ербол Әлімқұлұлы дүниенге келді. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1992-1993 жылдары - «Алматы кеденінің «Алматы» кедендік бекетінің жолаушылар бөлімінің инспекторы. 1993 жылы - «ALEMSYSTEM» қаржы-инвестициялық корпорациясының сауда жөніндегі менеджері. 1993-1997 жылдары - «Астана» кеденінің инспектор-кинологы, аға инспекторы, жолаушылар бөлімінің бас инспекторы. 1997-1998 жылдары - Жамбыл облысы бойынша кеден басқармасының бастығы. 2003-2005 жылдары - Қазақстанның Инвестициялық қорының басқарма мүшесі. 1999 жылы - ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігі Кеден комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Кеден басқармасы бастығының орынбасары. 1999-2000 жылдары - ҚР Мемлекеттік кіріс министрлігі Кеден комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Кеден басқармасы бастығының орынбасары.2002-2004 жылдары - Алматы облысы бойынша Кеден басқармасы бастығының орынбасары, бірінші орынбасары. 2004-2005 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің «Байқоңыр» кеденінің бастығы. 2005-2008 жылдары - Алматы қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының міндетін атқарушы, директоры. 2008-2009 жылдары - Алматы қаласы әкімі аппаратының жетекшісі. 2009 жылғы ақпаннан - Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 36 жыл бұрын (1978) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары ӘБІШ Самат Сатыбалдыұлы дүниеге келді. Алматы облысында дүниеге келген. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен РФ Сыртқы барлау қызметі академияларын бітірген. 2006-2008 жж.- ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы.2008-2009 жж.- ҚР Әділет министрлігінің жауапты хатшысы. 2009 жылғы желтоқсаннан - ҚР ҰҚК Кадрлар департаментінің бастығы. Подполковник. 2013 жылғы наурыздан - қазіргі қызметінде.