20% жағдайда жұмысшының еңбек қауіпсіздігі сақталмайды – министрлік

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіпорын жұмысшыларының еңбек қауіпсіздігі толық сақталмайтынын мойындап отыр, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Наталья Зинченко

«Мемлекеттік бақылау нәтижесі 20% еңбек қауіпсіздігі мәселесіне қатысты болып отыр. Яғни проблема –жұмысшының еңбек қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеуі. Кәсіпорындарда болған әрбір қайғылы жағдайды арнайы мемлекеттік комиссия зерделейді. Биыл 17 тамызда Қарағанды облысындағы АрселорМиттал компаниясының шахтасында жарылыс болып, салдарынан 5 жұмысшы қайтыс болды», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, үкіметтік комиссия қайғылы оқиғаға 100% жұмыс беруші кінәлі деп тапқан. АрселорМиттал компаниясының 27 лауазымды тұлғасы еңбек қауіпсіздігінің бұзылуына жол берген.

«Комиссия кәсіпорындарда болған төтенше жағдайдың себебін анықтау, болдырмау және алдын алу мақсатында 25 іс-шара әзірледі», - дейді ол.