Токиодағы ахуал туралы ҚР аға жаттықтырушысы Азамат Хасенов айтып берді.
— Бұл — біздің бүкіл ат спорты үшін өте маңызды әрі айтулы оқиға. Команда толықтай жинақталған. Спортшылар жоспар бойынша жаттығып жатыр, стартқа біртіндеп жақындап келеміз. Қазақстан атын лайықты танытып, ел күтіп отырған жоғары нәтижені көрсеткіміз келеді, — деді Хасенов.
Оның сөзінше, жылқылардың физикалық күйі жіті бақыланып жатыр.
— Жалпы алғанда, бейімделу қалыпты өтіп жатыр. Жергілікті климат ерекшеліктері мұқият ескерілді. Спортшыларымыздың, ең бастысы, аттарымыздың физикалық күйін өте жіті бақылап отырмыз, бұл — біз үшін басты басымдық. Қазіргі мақсат — дайындықты алаңсыз, сабырлы аяқтап, стартқа тас-түйін дайын болу, — деп түйіндеді аға жаттықтырушы.
Осыған дейін конкурдан ел кубогын Әнуар Досмаилов еншілегенін жазғанбыз.