20 ЖОО-да көптілді мамандарды даярлайтын арнайы бөлімдер ашылады

АСТАНА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстанда 20 ЖОО басымдықты мамандықтар - инженерлік-техникалық және жаратылыстану-ғылыми бағыттарда көптілді мамандарды даярлауға кіріседі.

Бұл туралы ҚР БҒМ-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.

Еске салайық, Елбасының тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап республика мектептерінде бірінші сыныптар үшін ағылшын тілінде оқыту жүйесі енгізіледі. Бұл оқушылар бес жылдан кейін пәндерді ағылшын тілінде оқи бастайды. Сол уақытқа дейін бұл жұмыстарды орындауға білікті мамандарды дайындау қажет. Сондықтан да 2012-2013 оқу жылында ЖОО-да көптілді мұғалімдерді дайындауға нақты және тиімді жұмыстар атқару керек.

ҚР білім және ғылым министрінің инженерлік-техникалық, жаратылыстану ғылымдары мамандықтары бойынша көптілді мамандар даярлау үшін ЖОО-ларда  арнайы бөлімдерді ашу тапсырмасы берілді.

Бүгін білім берудегі көптілділікті дамытуға арналған кеңесте ЖОО-лардың аталмыш бөлімдерді ашу ұсыныстары талқыланды.

«Соңында 2012 жылдың қыркүйегінен бастап көптілді мамандарды даярлайтын жоғарғы оқу орындары анықталды. Арнайы  бөлімдер 20 жоғарғы оқу орындарында ашылады, оның ішіне ұлттық және жетекші аймақтық жоғары оқу орындары кірді», - делінген таратылған баспасөз хабарламасында.