20 жыл ішінде атамекеніне 300 мыңға жақын отбасы көшіп келді - Елбасы

АНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 20 жыл ішінде атамекеніне 300 мыңға жақын отбасы көшіп келді. Бүгін Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында ҚР Президенті - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқасының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Құрметті қандастар, Тәуелсіздікпен бірге атамекенге ат басын бұрған ұлы көшке де 20 жыл болды. Бүгінгі құрылтай осындай мерейлі белеспен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан биылғыдай баталы жылы біздің бастамаларымыз жемісті болуға тиіс», - деді Елбасы.

«Елге ел қосылса құт», деген халық даналығымен сөзін одан әрі жалғаған Мемлекет басшысы азаматтықтың елең-алаңында, күрделі кезеңге қарамастан көшіміз көлікті болғандығын, содан бері ұлы көш бір сәтке толастамағандығын баса айтты.

«Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жақын отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан артық қандастарымызбен толықты. Дүниежүзіндегі өз қандастарын еліне шақырып, қаржы бөлген үш-ақ мемлекеттің біріміз. Олар: Израиль, Германия және Қазақстан», - деді Н.Назарбаев.