200-ден астам адам қазақ тілін Skype арқылы тегін үйреніп шықты
Бүгінгі таңда Skype арқылы Қазақстан мен шет елдерден (Ресей, Польша, Англия, Қытай) 200-ден астам адам тегін қазақ тілін меңгеріп шықты, деп хабарлайды Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметі.
Жоба Мемлекеттік тілді дамыту қорының әлеуметтік серіктесі - «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірге ұйымдастырылды.
Жобаның мақсаты - қазақ тілін үйренуді көпшілікке қолжетімді ету, қазақ тілін кеңінен насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту, тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру және шетелдерде тұратын отандастарымыздың туған елі - Қазақстанмен байланысын нығайту.
Skype арқылы оқыту тыңдаушыларды қазақ тілінде емін-еркін сөйлесуге, аз уақыттың ішінде тілді үйреніп, жоғары жетістіктерді көрсетуге мүмкіндік береді. Курс әр оқушының жеке қазақ тілін білу деңгейіне жеке тәсілдері бойынша бағытталған. Skype арқылы қазақ тілін оқытудың артықшылықтары - уақыттың үнемделуі мен ыңғайлылығы.
Интернет қолданушылардың білдірген көптеген пікірлері мен тілектерін ескере отырып, қазақ тілін Skype арқылы оқыту жобасын осы жылдың күзінде жалғастыру жоспарланып отыр.
«Soyle.kz» - Қазақстандағы қазақ тілін онлайн режімінде тегін үйрететін тұңғыш портал. Бүгінгі таңда оның қызметін әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллионнан астам адам пайдаланса, арнайы тіркеліп тіл үйреніп жатқан адамдардың саны 62 мыңнан асты.