200-ден астам шетелдік Қазақстан арқылы Еуропаға заңсыз өтпек болған
13:34, 16 Тамыз 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан Қазақстан арқылы Еуропаға заңсыз өтпек болған 210 шетелдік ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Ахметқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заңсыз көші-қон арналарының негізгі бағыттары оңтүстік көршілерден басталып, Ресей Федерациясы арқылы және одан әрі Еуропа одағы елдерімен жалғасады. Кейінгі кезде өзге елдер азаматтарының шекараны бұзу әрекеттері жиілеп кетті. Олар біздің елге транзитпен немесе туристік визамен келіп, көрші Ресейге заңсыз кетуге тырысады. Тек биылғы шілде айында Шекара қызметі Қазақстан-Ресей шекарасын заңсыз кесіп өту мүмкіндігін іздеп жүрген шетелдік 210-нан астам азаматты анықтады. Оларға қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқықтық шаралары қолданылып, елден шығарылды
, - деді С. Ахметқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметтінің қорытындысына арналған брифингіде.
Спикердің айтуынша, заңсыз мигранттарға сыйақы үшін жәрдем көрсететін Қазақстан азаматтары да анықталып жатыр.
Мәселен, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарында шетелдіктерді тікелей шекара сызығына жеткізу фактілері тіркелген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту, оның режимін бұзу, сондай-ақ бұған жәрдемдесу азаматтарымыз үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеміз
, - деді Шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанға заңсыз кіруге әрекет жасаған шетелдіктердің саны көбейген.