200 мыңға жуық қазақстандық онкологиялық сырқаттар бойынша есепте тұр

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде жыл сайын 35 мыңға жуық адамнан онкологиялық сырқат анықталып, есепке алынады. Мамандардың айтуынша, аталған дерттің алдын алу мен жеңудің басты жолы – уақытылы қаралып, ем алу. Осы мәселеге қатысты Қазақстандағы ахуал жайлы ҚазАқпарат тілшісіне Нұр-Сұлтан қаласының бас онколог-дәрігері, көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев айтып берді.

«Соңғы жылдары онкологиялық ауруларға 55 пен 75 жас аралығындағы адамдар жиі ұшырауда. Оның өзіндік себептері бар. Біріншіден, онкологиямен сырқаттануға экологиялық ахуал әсер етеді. Екішшіден, адамның өмір сүру салты. Яғни ішімдік ішу, шылым тарту сол сияқты дұрыс тамақтануда өмір салтына жатады. Жоғары аталған жағдайлар онкологиялық ауруға шалдығудың басты себептерінің бірі. Сонымен қатар қант диабеті және созылмалы дерті бар жандар онкологиялық аурудың қармағына жиі ілінеді», - деді Мұхтар Төлеутаев.

Оның айтуынша, адам бойынан онкологиялық ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым оны жеңудің мүмкіндігі мол.

«Қазіргі таңда елімізде 190 мың адам онкологиялық ауру бойынша есепте тұр. Жалпы жылына 35 мыңдай адамнан аталған дерт түрі анықталып, ол пациент есепке алынады. Ал елордада қазіргі сәтте 12 мың адам есепке алынған. Сонымен қатар бұл ауру түрі салыстырмалы түрде Қазақстанның солтүстік өңірінде жиі тараған. Енді бүгінде онкология дертімен күресте Қазақстанда не істеліп жатыр деген сұраққа келсек. Алдымен бізде онкологиялық ауру диагностикадан өту және оны емдеу толықтай тегін іске асырылады. Яғни сырқаттарды емду үшін дәрі-дәрмек, құрал-жабдық және басқа да қажеттілікті мемлекет өзі көтереді. Ол үшін арнайы мемлекеттік бағдарламада бар», - дейді ол.

Сондай-ақ, маман онкологиялық ауруға ұшырамаудың яғни дерттің алдын алу жолдарын атап берді.

«Алдымен салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Дұрыс тамақтану мен уақытылы демалуда маңызды. Жиі қозғалыста болған дұрыс, демек спортпен айналысу керек. Сосын созылмалы ауруы бар адамдар уақыт созбай емделуі керек. Себебі оның арты онкологиялық дертке алып келуі мүмкін. Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдығып, есепке алынғандардың 33 пайызынан дерттің алғашқы белгілі анықталды. Олар уақытыл ем алса, толық жазылып кету мүмкіндігі бар. Ауруды асқындырмай алдын алған дұрыс», - деді М. Төлеутаев.


Соңғы жаңалықтар