200 теңге: Астанадағы ақылы тұрақтарда сараланған тариф болуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — «Астана қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС директоры Дәурен Сәбитов қаладағы ақылы тарифтер қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты.

Фото: Астана әкімдігі

— Қалада 535 тұрақ аймағы мен 10 мыңнан астам тұрақ орны бар. Біздіңше, сол тұрақтардан алынатын төлем сомасы төмен. Осыған дейін бұл жұмысты жеке бизнес атқарған еді. Қазір осы қызмет әкімдіктің құрлымына кірді. Енді, 10 мыңнан астам орынды Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығына беру бойынша әкімдікпен бірге тиісті жұмыс іске асып жатыр. Тиісті шешім екі күн бұрын шықты, — деді Дәурен Сәбитов Астана қаласы мәслихатының көлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында.

Оның айтуынша, қалада сараланған тариф бойынша тұрақ орындарын белгілеу жоспары бар. 

— Тамыз айының соңында немесе қыркүйектің басында сараланған тарифті кірігуіміз керек. Себебі, көлік көп шоғырланған орталықтағы орындарға сұраныс жоғары. Осы орайда осы тұрақтардағы тарифті ұлғайту ұсынылды. Қаладағы тұрақтарды үш аймаққа бөліп, солар бойынша әртүрлі тарифті енгізу жұмысын бастап кеттік, — деді орталық басшысы.

Фото: Астана мәслихаты

Мәслихаттың көлік жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында таратылған мәліметке қарағанда, тұрақ құны сағатына 100, 150 және 200 теңге шамасында белгіленбек. Ең жоғары тариф елорданың орталық бөлігінде болады.

Еске салсақ, елордадағы ақылы тұрақтар әкімдіктің меншігіне толыққанды өтті.