200 жаңа өндіріс орны ашылып, 17 мың жұмыс орны құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жаңа 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 200 жоба іске асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

Фото: Kazinform

- Мемлекет басшысы Жолдауында елімізде отандық өндірісті дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу және өнеркәсіптің мүмкіндігін арттыру бойынша нақты міндет қойды. Осы орайда өнеркәсіп саласындағы тұрақты өсімді сақтап, өндіріс көлемін одан әрі арттыру маңызды. Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу, - деді министр.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 5,5 мың жұмыс орны ауылдық жерлерде құрылады. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады. Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңге болатын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалып жатыр.

- Айта кету керек, бұл жобалар Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар. Мемлекеттік қолдау шараларын нақты өндіріске бағыттауда Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімі маңызды рөл атқарады, - деді ол.

Оның дерегінше, бүгінде тізілімде 50 мыңнан астам өтінім қаралып, 2,6 мыңға жуық отандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелді. Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен бірігуі нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілді. Қосымша өнімнің нақты елде өндірілетінін растау және бақылау тетіктері жетілдіріліп жатыр.

- Осы мақсатта өндірісті цифрлық тексеру және локализацияға қойылатын талаптар күшейеді. Сондай-ақ кәсіпорындардың қызметін талдау үшін жасанды интеллект, өндіріс қуат жүктемесін бақылау үшін цифрлық дашборд енгізу жоспарланған, - деді Ерсайын Нағаспаев.

Айта кетейік, Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралып жатыр.