200 жылдық арба, қамыстан жасалған сандық: Қызылордада мұғалім мектептен музей ашқан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласындағы №235 орта мектепте жарты ғасырдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Күләш Алматшаева тарихи жәдігерлерді жинаумен айналысады. Қазіргі күні жасы жетпістен асқан ол кісі мектепте «Атамекен» музейіне жетекшілік етеді.

Фото: кейіпкерден

Қазіргі таңда музейде тарихы 200 жылдан асатын арба, қамыстан жасалған сандық, сиялы қалам, портфель, майшамдар тұр. Олардың жалпы саны 2 мыңға жуық. Олардың кейбірін қарапайым мұғалім өз қаржысына сатып алған.

Фото: кейіпкерден

Әріптестері арасында «Музей апа» атанып кеткен ол кісі бұл ісімен қалай айналысқаны жөнінде айтып берді. Білім ошағы ашылған 1972 жылы символикалық кілтті 23 жастағы жас маман ретінде ұстаз ретінде оған табыс еткен.

«Кілтті өзімде біраз сақтап жүрдім. Бұл аумақта мектептен басқа ешқандай үй, ғимарат жоқ еді. Сол уақытта қызығушылығым оянып, құрылысшылардың мектеп салып жатқан сәтін суретке түсіріп алдым. Оны болашақта қажет болар деген оймен арнайы орынға сақтап қойдым. Мектеп директоры Рахат Құлтанов маған мектеп және ұжым жайында мәлімет жинауға тапсырма берді. Мектеп басшылығы қолдау көрсетті, ойлаған мақсатымызға жеттік. Бүгінде біздің қорымызда 1972 жылдан бергі мектеп басшылары, мұғалімдері, түлектер туралы толық дерек жинақталған», - деді музей меңгерушісі.

Музеймен танысқан сәтте ол жерден ең алғашқы қоңырау, сиялы қалам, Кеңес одағы кезіндегі оқушы партасы, портфель, облыстың ең алғашқы телефон анықтамалығын көруге болады. Оған қоса ұлттық дүниелер, музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқ және тағы басқа көне жәдігерлер көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызады. Мектепке аты берілген Көмекбай Қаракөзов пайдаланған тұрмыстық бұйымдар да сақтаулы тұр.

Фото: кейіпкерден

Ол кісінің айтуынша, ең құнды жәдігер ретінде киіз үй мен арба сақталған. Екі ғасырға жуық тарихы бар арба атқа да, түйеге де, өгізге де арналған.

Көне арбаны оған ұлы сатып алып берген екен. Анасының ерекше қызығушылығына баласы да қолдау білдірген. Тіпті немерелері де әжесіне көне тиын тауып алса да әкеп беріп жатады.

«Алаш арыстары Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин ұстаған портфельдермен танысуға болады. Қазақстанның Халық артисі, кино және театр қайраткері Әмина Өмірзақованың «Тақиялы періште» фильмінде тартқан шәлісі тоқылған аппаратты Орынбордан алып келдім. Қай жерге барсам да құр қайтпаймын. Осындай ерекше, ескі дүние іздеп, тауып, сатып аламын», – дейді К.Алматшаева.

Мектеп музейінде бесік, сандық, үтік, майшам, қолсағат, қабырға сағаттарының эволюциясына кезігесіз. Әр кезеңде пайдаланылған тұрмыстық дүниелер заманның жылжып, технологияның жетілгенін көз алдыңа әкеледі.

Тарихи жәдігерлердің жанашыры көп жылғы жинаған дүниелердің біршама бөлігін 50 шабаданға салып сақтап қойған. Олардың арасында ең ескісі 1941 жылы Алматыда жасалғаны алыстан менмұндалап тұр.

К.Алматшаева мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Одан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.

Еске салсақ, бұдан бұрын Сыр бойындағы көне қала Құмиян жайында жазған едік.