2000 жылдан бері қарай кірістері ең төменгі өмір сүру көрсеткішінен аз азаматтар саны 4 есеге кеміді - Үкімет басшысының орынбасары

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елдегі кедейліктің деңгейін төмендету Қазақстанның әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі.

2000 жылдан бері қарай елде кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осыған қарай бүгін елдегі кірістері ең төменгі өмір сүру көрсеткішінен аз азаматтар саны 4 есеге кеміді. Бұл туралы бүгін Астанада «Әлемдік дағдарыс жағдайындағы әлеуметтік қамсыздандыру: заман талабына ұлттық көзқарас», атты тақырыпта өтіп жатқан халықаралық конференция барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, елдегі демогарфиялық ахуалды жетілдіру және балалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында 2003 жылдан бастап, баланың тууына байланысты бір мезгілдік жәрдемақы төленеді. Ал 2006 жылдан бастап, 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне қажетті қаржы төленеді. «Әлеуметтік салаға жұмсалатын қаржы көлемі мемлекеттік бюджеттің жартысын, ал әлеуметтік қамтамасыз етуге шығындалатын қаржы бюджеттің 5/1-ін құрайды», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, 2007 жылы Бүкіләлемдік банк Қазақстанды орташа кірісті мемлекет ретінде бағалады. Ал мемлекеттің азаматтарының өмірінің сапасын арттыру, тұрғындардың денсаулықтарын нығайту, ана мен балаға деген қамқорлық шараларын нығайту елдегі туу көрсеткіштерінің жақсаруына ықпал етті. «Бүгінде республика халқының саны 16 миллион 300 мыңды құрайды. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен 1 миллионнан астамға көп. Әлемді дағдарыс жайлаған сәтттен бастап, Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдегі экономикалық және әлеуеметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жедел шаралар қолға алынды», деді Е.Орынбаев.