2005-2010 жылдары 100 миллиардтан астам теңгенің медициналық құрал-жабдықтары сатып алынды

АЛМАТЫ. 11 мамыр. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2011-2013 жылдары «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 31 денсаулық сақтау нысаны салынады. Бұны бүгін Алматыда денсаулық сақтау саласының ХVIII «KIHE-2011» көрмесінің ашылу рәсіміне арналған баспасөз мәслихатында Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы Назарбек Бейсен мәлімдеді.

«2005-2010 жылдары 100 миллиардтан астам теңгенің медициналық құрал-жабдықтары алынды. Биыл 842 медициналық құрал-жабдықтың 168-і отандық өндірушілерден сатып алынды. Оған 12,6 миллиард теңге жұмсалды. Ұлттық жүйені енгізгеннен кейін тауарлық пункт шамамен 18 пайызға төмендеді. Биыл ол 50 пайыздан аспақ», - дейді Назарбек Бейсен. Оның айтуынша, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша былтыр 58 денсаулық сақтау нысаны салынған еді. 2011-2013 жылдары тағы 31 нысан бой көтермек. Сондай-ақ 2014-2015 жылдары қосымша 10 стационарлық ұйым ашу жоспарланып отыр.