2005 жылдан бері 87 мыңнан астам ирактық қаза болды

БАҒДАД. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат - Елдегі жауынгерлік шаралар мен лаңкестік әрекеттер кезінде соңғы 3 жылда 87 мыңнан астам ирактық қаза тапқан,

деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Бұған дейін мұндай көрсеткіш жария етілмеген, бірақ Associated Press агентігінің мәлім етуінше, бұл көрсеткіш әлі де нақты емес, қаза болғандардың саны күн санап өсуде. Бұл мәліметтерге із-түзсіз жоғалғандар санатындағы адамдар, сондай-ақ билікке хабарланбастан жерленгендер кірмеген. Естеріңізге сала кетейік, Иракта тыныштық әлі орнаған жоқ. Онда жауынгерлік операциялар мен лаңкестік әрекеттер әлі де орын алуда. АҚШ әкімшілігі американ күштерінің Ирактағы жауынгерлік операциясын 2010 жылдың қыркүйек айына қарай аяқтауды жоспарлап отыр. Одан кейін Иракта жергілікті қауіпсіздік күштеріне көмектесетін 35-50 мыңдай американ жауынгері қалады. Америка әскері Ирактан 2011 жылдың соңына қарай толық әкетіледі. Бейбітшілік үшін күресуші белсенділер құрған Iraq Body Count («Ирактағы адам шығынын есептеу») қоғамдық ұйымының хабарлауынша, соғыс басталғалы бері Иракта 1 553 американдық әскери қызметкер, 82 британдық жауынгер және лаңкестікке қарсы коалицияға кіретін басқа да елдердің 85 жауынгері қаза тапқан.