2007 жылмен салыстырғанда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері екі есеге жуық артқан

АСТАНА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат - Елімізде 2007 жылмен салыстырғанда 2010 жылы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері екі есеге жуық артқан,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 2007 жылы - 8 мың 960 теңгені құраған. Жәрдемақының орта мөлшері 2008 жылы - 11 мың 984 теңгеге, 2009 жылы 13 мың 486 теңгеге көтерілген. Ал биыл 14 мың 594 теңге болып белгіленген.

Соның ішінде ел азаматтарының мүгедектігіне байланысты берілетін жәрдемақы 2007 жылы 9 мың 331 теңге болса, жыл сайын көтеріле келіп, үстіміздегі жылы 15 мың 603 теңге көлемінде анықталған.

Сол секілді асыраушысынан айырылған жандарға қарастырылған жәрдемақы үш жыл бұрын 8 мың 507 теңгені құраса, қазір 13 мың 042 теңге болған. Ал азаматтардың жасына байланысты белгіленетін жәрдемақы төлемі 2007 жылы 4 мың 431 теңге көлемінде болған, ал биыл 7 мың 476 теңге шамасында анықталып отыр.