2008-2009 жылдары Ауғанстанда есірткі егістіктері 41 пайызға азайды - Ауғанстан ішкі істер министрінің орынбасары

АЛМАТЫ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/  - Бүгін Алматыда Есірткінің заңсыз айналымымен, психотропты  заттармен күрес жөніндегі Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы мен БҰҰ-ның есірткімен және қылмыспен күрес  жөніндегі басқармасы өкілдерінің кездесуі өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде есірткімен күресте Ауғанстанның құзырлы органдарымен әріптестік орнату және трансұлттық есірткі қылмысымен күрес мәселері талқыланды. Отырысқа қос ұйым өкілдері мен қатар Ауғанстанның ішкі істер министрінің орынбасары, есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі департаментінің бастығы, генерал-майор Мохаммад Дауд қатысты.

Есірткінің заңсыз айналымымен, психотропты  заттармен күрес жөніндегі Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығының директоры, генерал-лейтенант  Бексұлтан Сәрсековтың айтуынша, бүгінгі отырыс Ауғанстанмен аталған мәселеде әріптестік орнатудың нақты кезеңіне көшкенін көрсетеді. «Генерал  Мохаммад Дауд Ауғанстан үкіметінің біздің орталықтың бақылаушысы болу туралы ресми ұсыныс жасайтынын жеткізді. Бұл есірткімен күресте бізге қосымша мүмкіндіктер береді», дейді Б.Сәрсеков.

Ауғанстан үкіметі өкілінің айтуынша, қазіргі таңда есірткінің заңсыз айналымымен  күрес Ауғанстан үшін ең басты мәселенің бірі. Сондықтан  көршілес елдермен бірлесе іс-қимылдар жасау көзделген. «Бұл бағытта біз Қазақстанды басты әріптес деп білеміз. Бірлесе іс-қимыл жасау арқылы біз есірткі жолына және басқа да қылмыстарға тосқауыл қоя аламыз. Қазіргі таңда әлемдегі басты қауіп, ол терроризм мен есірткі», деп атап өтті М.Дауд. Оның айтуынша, Ауғанстан есірткімен күресте халықаралық ұйымдармен де әріптестікті арттырып отыр. Мәселен, НАТО құрылымдарымен бірлескен шаралар нәтижесінде 2 күн бұрын  уәлаяттардың  бірінен 12 тонна есірткі шикізаты мен 110 килә героин тәркіленген. М.Даудтың айтуынша, БҰҰ жариялаған ақпарат бойынша 2008-2009 жылдары Ауғанстандағы есірткі егістіктері 41 пайызға азайған. Қазіргі таңда тәлібтер  қоныстанған 4  уәлаятта  ғана есірткі егістіктері бар. Бұрын 30  уәлаятта  есірткі егіліп келген еді.