2008 жылдың соңына қарай еліміздегі жұмыссыздар саны 562,4 мың адамды құрады ? Статистика агенттігі
12:44, 24 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат - Сараптамалық бағалаулар бойынша 2008 жылғы желтоқсан айында республикамыздағы жұмыссыздар саны 562,4 мың адамға жеткен,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Статистика агенттігінің мәліметтеріне сілтеме жасап.
Өткен жылдың соңына таман жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді жұртшылықтың санымен есептегенде 6,7 пайыз болған. Сондай-ақ, еңбекпен қамту органдарына жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың саны желтоқсан айының соңына қарай 48,4 мың адамды құраған, олардың экономикалық белсенді жұртшылық санындағы үлесі 0,6 пайыз болып отыр.
Агенттіктің мәліметтеріне қарағанда, 2008 жылдың аяғына қарай жұмысшыларға төленіп отырған орташа номиналды еңбекақы 59 мың 575 теңге болып, алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10,5 пайызға өскен. Ал, 2008 жылғы қараша айындағы бағалау бойынша халықтың орташа жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы 30 мың 597 теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 13,2 пайызға артық.