2009-2010 жылдары жастар тәжірибесіне бөлінген 3,2 млрд. теңге қаржы толығымен игерілді

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2009-2010 жылдары жастар тәжірибесіне бөлінген 3,2 млрд. теңге қаржы толығымен игерілді.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.

Оның атап өтуінше, "Жол картасы" бағдарламасы жастарды жастар тәжірибесімен қамтуды 2008 жылмен салыстырғанда 20 есе көбейтуге мүмкіндік берген. «Бұл бағыт бойынша кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс орындары құрылды. Оларда 90 мыңнан астам жас түлек оқу орнында алған мамандығы бойынша кәсіби тәжірибе жинақтап, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалақы алды. Жастар тәжірибесін аяқтағаннан кейін жұмыс берушілер 19 мыңнан астам жас маманға өз компанияларында тұрақты жұмыс орындарын ұсынды»,-деді министр.

Гүлшара Әбдіхалықованың атап өтуінше, Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейінен 0,6 пайыздық тармаққа төмен болып отыр. «2009-2010 жылдары жастар тәжірибесіне бөлінген қаражат толығымен, яғни 3,2 млрд. теңге игерілді»,-деді Г. Әбдіхалықова.