2009 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша Қазақстанда ІЖӨ-нің өсімі 0,5-1 пайызды құрайтын болады - Үкімет басшысы

None
АСТАНА. Желтоқсанның 29-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2009 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің өсімі 0,5-1 пайызды құрайтын болады. Бұл туралы бүгін Астанада бұқаралық ақпарат құралдарымен болған брифингте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен зор ризашылықпен хабарлағым келеді: 2009 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша Қазақстан ішкі жалпы өнімнің оң өсіміне шықты. Жылдың алдын ала қорытындылары бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 0,5-1 пайызды құрайтын болады», деді брифингте Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, 2009 жылы инфляция 6,3 пайыз деңгейінде болады. Ал жұмыссыздық шамамен 6,3-6,5 пайыз деңгейін құрап отыр. «Біз дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында алдымызға қойған міндеттерді орындадық», деді К. Мәсімов. Үкімет басшысы 2009 жылғы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты қорытындылары 2010 жылғы қаңтардың соңы мен ақпанның басында шығарылатынын атап көрсетті.