2009 жылдың аяғына қарай туризмнің даму деңгейі көтеріледі - Т. Досмұхамбетов

АНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Біз Дүниежүзілік туристік ұйымының қаржы дағдарысын еңсеру жолындағы барлық іс-шараларын қолдаймыз.

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Бас Ассамблеяның 18-ші сессиясының бірінші пленарлық мәжілісі барысында ҚР Туризм және спорт министрі   Темірхан Досмұхамбетов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың басында халықаралық туризм саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі байқалды. Жаз айларында азаматтар тынығу үшін, көбінесе, жақын жерлерді таңдады. Осыған орай кейбір елдерде ішкі туризмнің деңгейі халықаралық туризм көрсеткіштерінен асты. Ол елдердің ішінде Қазақстан да бар. «Әлем бойынша халықаралық сауда деңгейі 20 пайызға төмендеді. Ал жұмыссыздық АҚШ пен Еуропа елдерінде 9 пайыздан асты. Бірақ бүгінгі қаржы дағдарысына қарамастан, кейбір Азия мемлекеттерінде туризмнің дамуы байқалады. Осыған қарап, алдағы уақытта, нақты айтсақ, 2009 жылдың аяғына қарай туризмнің даму деңгейі 2007 жылмен тең болады деп айтуға әбден болады», деді Т.Досмұхамбетов.