Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметінің таратқан мәліметтері бойынша, елімізде баға ақылы қызмет көрсетулерге өткен айда 0,9 пайызға, азық-түлік емес тауарларға - 0,4 пайызға өскен. Бұл ретте баға индексі азық-түлік тауарларына 100 пайызды құраған.
Сонымен бірге, республика бойынша қатты отынның бағасы 1,7 пайызға, медициналық дәрі-дәрмектер - 0,8 пайызға, киім мен аяқ киімге, ыдысқа - 0,6 пайызға, кітаптар мен газеттерге - 0,4 пайызға артқан. Бұдан басқа қазан айында бензин 0,7 пайызға, дизель отыны - 0,3 пайызға қымбаттаса, керісінше құрылыс материалдары 1,5 пайызға арзандапты.
Сондай-ақ, баға деңгейі білім беру, денсаулық сақтау қызметтеріне - 0,9 пайыз, мейрамханалар мен қонақ үйлер қызметтеріне - 0,7 пайыз, мәдениет және жеке қызметтерге - 0,5 пайызға жоғарылаған. Ал, жолаушылар көлігі қызметтерінің бағасы - 0,8 пайызға төмендеген.
Тұрғын үй коммуналдық қызметтері саласында тарифтің өсуі кәрізге - 3,1 пайыз, орталықтанған жылуға - 3 пайыз, суық суға - 2,3 пайыз, ыстық суға - 1,7 пайыз, электр энергиясына - 0,3 пайыз мөлшерінде байқалды.