12:43, 15 Мамыр 2009
2009 жылғы сәуірде республикада жұмыссыздар саны 611,0 мың адамды құрады ? Статистика
АСТАНА. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен сәуір айында Қазақстандағы жұмыссыздар саны 611,0 мың адамға жетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Агенттіктің мәліметтері бойынша, 2009 жылдың қаңтар-наурыз айларында жұмыссыздар саны 582,8 мың адамды құраған болатын және оның ең жоғарғы деңгейі Алматы мен Астана қалаларында, Ақмола, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Ал сәуірдегі жағдай бойынша (611,0 мың адам) республикадағы жұмыссыздық деңгейі 7,2 пайызды құрап отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында ресми тіркелгендердің саны ? 86,9 мың адам. Бұл экономикалық белсенді халықтың 1,0 пайызы. Сонымен қатар еңбек нарығында өндіріс көлемінің қысқаруына байланысты жұмыскерлердің жұмыспен толық қамтылмауы да көрініс тауып отыр. Үстіміздегі жылғы сәуір айында жасырын жұмыссыздықтың деңгейі экономикалық белсенді халықтың 1,5 пайызын құрады.