2009 жылғы Ұлттық халық санағының толық қорытындысы таяу күндері жарияланады - Ә. Смайылов

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылғы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының толық қорытындысы таяу күндері жарияланбақ.

Бұл туралы бүгін Қазақстанның мемлекеттік статистикасының 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысындағы брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Қазіргі кезде халық санағы қорытындысын шығару бойынша жұмысты біз тәжірибе жүзінде аяқтадық. Өздеріңізге мәлім, қысқаша қорытындыны біз ақпан айында шығарған болатынбыз. Атап айтқанда, таяу күндері біз қалған қорытынды нәтижелерін жариялайтын боламыз»,- деді агенттік басшысы.

Бұл шараларға қосымша қаржы жұмсалмағанына тоқталған Ә. Смайылов, аталған қорытындыны шығару жұмыстары биыл бөлінген 59 млн. теңге аясында атқарылғанын жеткізді. Осы орайда ол барлық мәліметтер қамтылған халық санағының қорытындысы Статистика агенттігінің сайтында жарияланатындығын айтып өтті.