2009 жылғы Ұлттық санақ қорытындысы бойынша Қазақстан халқы 16 млн. 9 мың адамды құрады - Статистика

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2009 жылғы Ұлттық санақ қорытындысы бойынша Қазақстан халқы 16 млн. 9 мың адамды құрады.

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

«Жалпы халық саны 16 млн. 9 мың адамды құрады. 1999 жыл өткізілген санақ деректерімен салыстырғанда республика тұрғындары 1 млн. 28 мың адамға көбейіп, 7 пайыз өсім көрсетті», - деді агенттік басшысы.

Санақтың соңғы деректеріне сәйкес, елімізде тұрып жатқан халықтардың 1 пайыздан асатындарының ішінде қазақтар саны - 26, өзбектер - 23, ұйғырлар 6,8 пайызға өскен. Ал орыстардың саны - 15,3, украиндар - 39,1, татарлар - 18, немістер 49,5 пайызға кеміген.

Сонымен қатар Ә.Смайыловтың айтуына қарағанда, 1999 жылдан бергі аралықта халықтың жас аралығында біршама өзгерістер орын алып, 15-35 жастағы адамдар саны артқан. «Себебі халық құрамында 85-93 жылдары аралығындағы дүниеге келген адамдардың саны көп. Ол соғыстан кейін орын алған "беби-бумның" екінші ықпалы», - деді ол.