2009 жылғы ЮНЕСКО-ның деректемесі негізінде баршаға білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 мемлекеті арасында Қазақстан 1-ші орынды иеленді

АСТАНА. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылғы ЮНЕСКО-ның жыл сайынғы бүкіл әлемдік баяндамасының деректемесі негізінде баршаға білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 мемлекеті арасында Қазақстан 1-ші орынды иеленді.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2009 жылғы ЮНЕСКО-ның жыл сайынғы бүкіл әлемдік баяндамасының деректемесі негізінде баршаға білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 мемлекеті арасында Қазақстан 1-ші орынды иеленді. Әрине, бұл білім беруді дамыту индексінде бастауыш біліммен қамтамасыз ету, мектепке ұл-қыздардың қатар баруы, егде адамдардың хат тануы секілді мәселелер қамтылады. Ал мұндай шаралар көптеген елдерде әлі де шешілмеген проблема күйінде қалып отырғаны белгілі. 14-20 аралығындағы жастардың Корея мен Жаңа Зеландияда - 48, Бельгия мен Эстонияда - 34, Ресейде - 33, Жапонияда - 30, Ұлыбританияда 28 пайызы техникалық және кәсіптік біліммен қамтылған. Өкінішке қарай, бұл санатта Қазақстан 17 пайыздық көрсеткішке ие», - деді Ж. Түймебаев. Сонымен қатар, министрдің айтуынша, бәсекеге қабілеттілік ғаламдық индексінің соңғы деректері негізіндегі 12 білім көрсеткішінің 8-і бойынша Қазақстан төмен болып отыр. Ал жастарға орта білім берудің жоғары сатысын қамту бойынша Қазақстан 51-ші орында тұр. «Бұндай жағдайдың негізгі себептерінің бірі - техникалық және кәсіптік білім жүйесінің жеткіліксіз дамуы. Сондай-ақ Қазақстанда экономикалық белсенді халықтың толық емес жоғары кәсіптік білімі бар азаматтар үлесі 54 пайызды құрайды. Ал Қазақстанды Ресей, Эстония, Норвегия, Франция мемлекеттерімен салыстырып қарастырсақ, жоғары білім саласынан біздің мемлекетіміздің көрсеткіші тәуір болса, кәсіптік-техникалық білім жағынан төменгі деңгейдеміз», - деп атап өтті министр.