2009 жылы электрондық Үкімет порталында көрсетілетін қызметтердің саны 59-ға жетті

АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат - 2009 жылы электрондық Үкімет порталында тағы 15 қызмет іске қосылды, сөйтіп мұнда көрсетілетін қызметтердің саны 59-ға жеткізілді.

Атап айтқанда, бұдан былай электрондық Үкімет сайтында сотталмағаны туралы анықтама қағаз, жылжымайтын мүліктің бар-жоқтығы туралы анықтама, Әлеуметтік-жеке код (СИК) және Салық төлеушінің куәлігін алуға болады. Мұның барлығы электрондық-сандық қолтаңбаның көмегімен алынады. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық куәландырушы орталығын тіркеудің 28 орталығы ашылып отыр. Ұлттық куәландырушы орталықтың сертификаттарымен алғашқы электрондық төлқұжаттар бекітілді. Қазіргі таңда 53 мыңнан астам электрондық-сандық қолтаңба шығарылды.

2009 жылы электрондық үкімет сайтына кіргендердің саны 1,6 миллион адамнан асты. Оның ішінде 45 мың адам электрондық қызметтерді пайдаланды.