2009 жылы еліміздегі ақша массасы 17,9 пайызға өсті - Г. Марченко
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасының айтуынша, былтыр қолма-қол ақша 6,5 пайызға өсіп, 913,5 млрд. теңгені құраған. 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы банктердің таза сыртқы активтері де, сол секілді Ұлттық банктің таза халықаралық резервтері де ұлғайған. Бұл ретте банктердің таза сыртқы активтерінің артуына 2009 жылдың ақпанында жүргізілген теңгенің құнсыздануы себеп болғанға ұқсайды. Мәселен, девальвация нәтижесінде банктік таза сыртқы активтердің көлемін қайта бағалау орын алып, банктердің резидент еместер алдындағы міндеттемелері төмендеген. «Былтырғы девальвациядан кейін және 2009 жыл бойы валюта бағамын ұстап тұруға Ұлттық банктің резервтері жетпей қалуы мүмкін делінген болжамдар айтылып еді. Қазіргі күні ҰБ яғни Қазақстанның жиынтық резервтері 51 млрд. долларға жетті. Яғни, Ұлттық қордың 10 млрд. доллар қаржысы дағдарысқа қарсы бағдарламаға жұмсалғандығына қарамастан, еліміздің алтын-валюта активтері қалпына келтірілді, тіпті дағдарыс басталғанға дейінгіден қазір бірнеше миллиард долларға көп», деді Г. Марченко.