Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай айтты.
Оның айтуына қарағанда, өткен жылы заңсыз айналымнан 481 млн теңгенің алкогольдік өнімдері тәркіленіп, 1,5 млн теңгеден астам жалған есепке алу-бақылау маркалары алынған. Қолдан жасалған спирттік ішімдіктерді дайындайтын астыртын цехтардың қызметі халықтың денсаулығы үшін аса қауіпті болып табылатындығын атап өткен ресми өкілдің айтуынша, Алматы қаласында «REALMA» сауда маркасының арағын қолдан жасайтын астыртын цех анықталған. Оның жалға алынған қоймаларынан 72 мың дана жалған есепке алу-бақылау маркасы табылған. Ал тәркіленген арақ-шарап өнімдерінің бағасы 31,5 млн теңгені құраған. «Бұл факт бойынша «Калита<d» ЖШС директорының орынбасары Сироткин шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айырылды», деді ол.
Осыған ұқсас қылмыстық ісі үшін Астана қаласында Әзімбаев деген азамат шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Ол жалпы сомасы 13,5 млн теңгенің жалған есепке алу-бақылау маркалары жапсырылған алкоголь өнімдерін заңсыз сақтаған және саудаға шығарған. Сонымен қатар аталған азамат спирттік ішімдіктерді өндірушінің бірінің тауар белгісін қолданып, 3,5 млн теңге залал келтірген. «Алынған контрафактілік алкогольдік өнімдер жойылды», деді ресми өкіл.