11:28, 24 Наурыз 2009
2009 жылы мұнай баррелі 40 АҚШ доллары көлемінде болжанып отыр - Үкімет отырысы
АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2009 жылы мұнайдың бір баррелі 40 АҚШ доллары көлемінде болжанып отыр.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкіметтің бүгінгі отырысының талқылауына министр «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын, 2009-2013 жылдарға арналған бюджет параметрлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамын шығарды.
Б. Сұлтановтың айтуынша, әлемдік экономика өсімінің төмендеуі мен тұтыну көлемінің қысқаруына байланысты 2009 жылы қазақстандық экспорттың негізгі позицияларына, яғни мұнай мен металл бағасының өсуі байқалмайды. Атап айтқанда, 2009 жылы мұнайдың бір баррелі 40 АҚШ доллары деңгейінде болжанып отыр. Ал 2010-2013 жылдары 50 АҚШ доллары көлемінде болмақ. Сондай-ақ биылғы жылы металдың әлемдік бағасы шамамен 30-40 пайызға төмендемек. Ал 2010-2013 жылдары орташа есеппен алғанда 8-10 пайызға жоғарылауы ықтимал.