2009 жылы Оңтүстік Қазақстанда таза ауызсумен қамтылған елді мекендер саны 482-ге жетті
деп хабарлады ОҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан.
2009 жылдың басында Оңтүстік Қазақстан облысындағы 900 елді мекеннің 488-інде таза ауызсумен қамту түйткілді болып тұр еді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жыл аяғында олардың 433-інде сумен қамту сапасы жақсарды. Бұдан басқа, су құбырларын жаңарту және жаңа желілерді іске қосудың арқасында 70 елді мекен су құбырын пайдаланатын болды, облыс бойынша олардың саны 482-ге жетті.
Басқарманың мәліметтері бойынша, «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыруға 2009 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 456 елді мекенді ауызсумен қамтуға 7,8 млрд. теңге бөлінді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
Бұл қаржыға 28 елді мекенде желілер жаңартылды және құрылыс жұмыстары жүргізілді, 170 елді мекенде ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды, 190 елді мекенге 251 су тазартатын стансылар қондырылды, 23 нысанның жобалау-сметалық құжаттарына 169,8 млн. теңге қарастырылды.
Бұл қаражаттардан басқа, Азия Даму банкі 13 елді мекенге су құбыры желілерін тартуға 928,3 млн. теңге бөлді. 2009 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің ішкі көздері есебінен жалпы көлемі 1,9 млрд. теңгеге топтық су құбыры құрылысы жүргізілді. Соның нәтижесінде облыстың 24 елді мекені су құбыры көздеріне қол жеткізді.