2010-2011 оқу жылында мемлекеттік білім гранттарына ие болған азаматтардың тізімдері жарияланды

АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» республикалық газеттерінің бүгінгі, тамыздың 10-ы күні шыққан сандарында 2010-2011 оқу жылында мемлекеттік білім гранттарына ие болған азаматтардың тізімдері жарияланды.

Мемлекеттік білім гранттары Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына барлық мамандықтар бойынша үлестірілді.

2010-2011 оқу жылында бөлінген грантттардың жалпы саны - 35 425. Оның 34 425-і - күндізгі, 1000 - сырттай оқу бөлімдеріне арналған. Аталмыш гранттар негізінде сондай-ақ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалына түскен студентттерді оқыту, Түрік Республикасынан және басқа да түркітілді мемлекеттерден келген студенттерді Ясауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетінде оқыту, Ақпараттық технологиялар халықаралық университетінде білім алу, Назарбаев университетінде және ЖОО-лардағы алдын ала дайындау бөлімшелерінің тыңдаушыларын оқыту қарастырылған.

Айта кетейік, мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсында барлығы 82 607 талапкердің өтініші қаралды, оның ішінде қазақ тілді - 57 828, орыс тілде - 24 779. Олардың арасында 2400-і «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері, 1101 - халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың, байқаулардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздары.

Гранттар ҰБТ мен кешенді тестілеулер нәтижелеріне сәйкес берілген сертификаттардың ұпай сандары бойынша тағайындалды.

Гранттарды үлестіру барысында «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың, байқаулардың және спорттық жарыстардың жеңімпаздарына басымдық берілді.