2010 жылдан бастап елімізде КСРО кезінде батыр, еңбек ері, еңбегі сіңген спортшы атағын алғандарға жәрдемақы мөлшері айтарлықтай артады

АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ 2010 жылдан бастап елімізде КСРО кезеңінде батыр, еңбек ері, еңбегі сіңген спортшы атағын алғандарға, сондай‑ақ ғарыш саласына қатысты атақ алғандарға мемлекеттік жәрдемақы мөлшері айтарлықтай арта түседі.

ҚР Парламенті қабылдаған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда осы мәселелер қамтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заңға сәйкес 2010 жылдан бастап еліміздегі Ұлты Отан соғысының батырлары мен үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегерлеріне берілетін арнаулы жәрдемақы мөлшері 183 мың 690 теңгеге дейін артады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, заң жобасымен әскери қызметшілер қатарындағы зейнеткерлердің еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшерін бұрынғы 75 АЕК-тен 86 АЕК-ке дейін арттыру көзделген. Яғни, бұрын аталған санаттағы азаматтар 97 мың 200 теңге жәрдемақы алып келсе, 2010 жылдан бастап 121 мың 518 теңге алатын болады.

Сонымен бірге, 1941-1945 жылдардағы Ұлты Отан соғысының 65 жылдығын мерекелеу қарсаңында, соғыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде әскери борышын өтегенін, еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтуға қосқан үлесін ескеріп, бірқатар заң актілеріне де өзгерістер енгізіледі. Ұлы Отан соғысының қатысушылары болып табылатын адамдарға, Социалистік Еңбек ерлеріне - 21 мың 195 теңгеден 98 мың 910 теңгеге дейін арта түседі. Бұдан басқа, «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдарға 130 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 183 мың 690 теңге шамасында мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
Сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстанның немесе бұрынғы КСРО-ның құрама командаларының құрамына кірген, 20 жыл еңбек өтілі бар, еңбегі сіңген спортшылар мен бапкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында, оларға берілетін ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мөлшері 11 мың 34 теңгеден 33 мың 912 теңгеге дейін өседі.

Заң Елбасының қол қоюына жіберілді.