2010 жылдан бастап мемлекеттік органдардағы құжат айналымы электрондық болады - Қ. Есекеев

None
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 3-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2010 жылдан бастап мемлекеттік органдардағы құжат айналымының негізгі бөлігі электрондық жүйеге ауыстырылады. Бұл туралы бүгін Астанада мемлекеттік органдардағы электрондық құжат айналымы және интернет-порталы мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда Электрондық Үкімет бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік органдардағы құжат айналымын электрондық жүйеге көшіру жұмыстары 3-4 жыл бұрын қолға алына бастады. «Электрондық құжат айналым жүйесі жобасының енгізілуі кезінде бірқатар проблемалар болды. Көптеген қарама-қайшылықтар мен даулы жақтары болды. Дегенмен, бүгінгі күнгі жағдай бойынша, түрлі органдардағы құжат айналымы саласындағы электрондық байланыс және қарым-қатынасты орнату жұмыстарының басым үлесі орындалды», дейді Қ.Есекеев.

«Бүгінде электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесіне 65 мемлекеттік орган және  облыстар мен Алматы, Астана қалаларының әкімдіктері қосылған. Шамамен бұл жүйені 8 мыңнан аса мемлекеттік қызметші пайдаланады», дейді агенттік төрағасы.

Ғылыми-тәжірибелік конференция аталмыш жүйені енгізу және оны дамыту мәселелерін, сондай-ақ оның құқықтық, ұйымдық және техникалық қамтамасыз ету жақтарын талқылау мақсатында Ақпараттандыру және байланыс агенттігімен ұйымдастырылды.

Оның жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрінің кеңсесінің, «Зерде» ақпараттық-коммуникациялық холдингінің, отандық және шет ел ақпараттық технологиялар саласындағы IBM компанияларының өкілдері қатысуда.