Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстанның ірі қалаларындағы әлеуметтік көңілкүй» тақырыбындағы зерттеу қорытындысына арналған арнайы баспасөз мәслихатында Саяси шешімдер институының (СШИ) бөлім жетекшісі Ирина Черных айтты.
Оның сөзіне қарағанда, СШИ мен ҚР Әлеуметтанушылар және саясаттанушылар қауымдастығының дәстүрлі зерттеуіне еліміздің 16 қаласы мен облыс орталықтары қамтылған. Барлығы 2308 адам қатысқан зерттеуде респонденттердің 38,7 пайызы жылдың табысты болғандығын, 38,2 пайызы қарапайым болғандығын айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 24 пайызы еліміздегі ең рейтингті оқиға ретінде Қазақстаннның ЕЫҚҰ-ға төрағалығын атаған.
«Зерттеу көрсеткендей, қала тұрғындарын тек материалдық жағдай ғана емес, имидждік оқиғалар да толғандырады екен. Тұрғындардың 42,3 пайызы ЕҚЫҰ саммитінің Қазақстан имиджін халықаралық деңгейде көтеретін оқиға екендігін айтты»,- дейді И.Черных.
Астанадағы саммитті әрбір екінші қазақстандық қолдаса, сауалнамаға қатысқандардың 52,7 пайызы шараның табысты, тиімді болғандығын атап өткен. «Бұл ретте БАҚ өкілдеріне үлкен алғыс айту қажет. БАҚ тарапынан үлкен қолдаудың нәтижесінде қазақстандықтардың басым бөлігі ЕҚЫҰ төрағалығы туралы жақсы біледі. Сауалнамаға қатысқандардың тек 2,8 пайызы ғана Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы білмейтіндіктерін айтқан. 2009 жылдың соңында бұл көрсеткіш 40 пайыз еді»,- деді СШИ сарапшысы.
Оның айтуынша, тұрғындар ЕҚЫҰ төрағалығымен қатар биылғы жылдың ең рейтингті оқиғалары ретінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын (21,5 пайыз), 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындықты (21,1 пайыз) көрсеткен.