Мәскеуде «Кеден одағы елдерінің дағдарыстан кейінгі дамуының әлеуметтік-экономикалық қорытындылары» деген тақырыпта өткен «дөңгелек үстел» отырысында Қазақстанның экономикалық даму вице-министрі Тимур Сүлейменов осылай мәлім етті.
Вице-министрдің бағалауынша, 2010 жылы Қазақстан әлемдік дағдарыстан кейінгі қалпына келудің тиімді нәтижелерін көрсетті.
«7 пайызға өсіп, 140 миллиард АҚШ долларынан асқан жалпы ішкі өнімнің өсу динамикасы осыған дәлел. Бұл жақсы көрсеткіш», - деп санайды Т. Сүлейменов.
Вице-министрдің айтуынша, «халықты еңбекпен қамту сияқты бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде де оң үрдістер бар. Егер 2009 жылдың басында жұмыссыздық 6,9 пайызды құраса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 5,5 пайызға төмендеді. Оған қоса, өткен жылы 90 миллиард АҚШ долларын құраған тауар айналымы да көңілге жақсы үміт ұялатып отыр».
«Даму көрсеткіштерін жинақтай келе, Қазақстан 2010 жылы жақсы нәтижелерге қол жеткізді және жалпы алғанда дағдарыстан шыға алды дей аламыз», - деп түйіндеді өз сөзін вице-министр.