2010 жылдың тамызынан бастап әр тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болады - «е-үкімет» жобасы
.
Халық пен бизнеске мемлекеттік қызметтерге оңай қолжетімдікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда жүзеге асырылып отырған «Электрондық үкімет» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін одан әрі арттыру үшін, келер жылдан бастап осы және басқа да жаңашылдықтар енгізілгелі отыр.
2004 жылғы қарашаның 10-ындағы ҚР Президентінің «Электрондық үкімет бағдарламасын құру туралы» Жарлығына сәйкес, 2005-2007 жылдары «электрондық үкіметтің» 4 құрамдасы әзірленіп, енгізілген болатын. Олар - «Жеке тұлғалар», «Заңды тұлғалар», «Жылжымайтын мүлікті тіркеу» және «Мекен-жайды тіркеу» мемлекеттік дерек қорлары.
Олардың әрқайсысына егжей-тегжей тоқталатын болсақ, 2007 жылғы қаңтардың 11-інде «Ақпараттандыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес, «Мекен-жайды тіркеу» ақпараттық жүйесін мекен-жайлық мәліметтермен толтыру міндеті республиканың жергілікті атқарушы органдарына жүктелді. Бүгінгі күні «Мекен-жайды тіркеу» ақпараттық жүйесіне аудандық деңгейге дейінгі барлық атқарушы органдар қосылған. Атап айтқанда, республикалық маңыздағы екі қала, облыстық маңыздағы 40 қала және 161 аудандық орталық.
«Мекен-жайды тіркеу» ақпараттық жүйені қолданушылар ретінде, облыстық деңгейдегі ономастика мамандары аудандардың шекараларының өзгеруіне, олардың қалыптасуына, аттарының өзгертілуі мен қысқартылуына жауап беретін болса, ҚР Президентінің жанында жұмыс істейтін Мемлекеттік ономастикалық комиссия республикалық маңыздағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге қатысты өзгерістерді жіті қадағалауда.
Ал жүйеге негізгі ақпарат жеткізушілер - аумақтық сәулет бөлімшелері болып табылады. Мекен-жайлық мәліметтер ғимарат іске қосылмай тұрып енгізіледі. Олар тұрақты жұмыс істей бастағанда, егер нысан тұрғын үй болса, пәтерлердің саны анықталып, олардың әрқайсысына мекен-жайлық тіркеу коды беріледі.
Бүгінде ақпараттық жүйеге енгізілген нысандардың саны 2 миллионнан асып түседі. Соңғы үш айда бұл көрсеткіш тағы 500 мыңға артты. Мұндай жүйені Швеция мен Ресей елдері жетістікті қолданып отыр.
«Электрондық үкімет» шеңберінде әзірленіп, 2009 жылдың қаңтарынан бастап тұрақты жұмыс істей бастаған тағы бір жүйе - «Жылжымайтын мүлікті тіркеу» Мемлекеттік дерек қоры (МДҚ). Қор Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жылжымайтын мүліктерге қатысты нақты, әрі түйткілді мәліметтерді мемлекеттік 4 органның ақпараттық жүйесіне және «электрондық үкіметтің» жоғарыда аталған 4 құрамдасына on-line режимінде жіберу механизмін жүзеге асырып отыр. Аталмыш ақпараттық жүйе жылжымайтын мүліктің жағдайына және Қазақстан Республикасында оған құқықтар бойынша жан-жақты талдау жасауға мүмкіндік береді.
Ал «Заңды тұлғалар» МДҚ 2005-2007 жылдары жүзеге асырыла бастады. Қазақстанда жүйенің қолданысына дейін тіркелген барлық заңды тұлғалар туралы толық мәліметтер жинақталған біртұтас дерек қоры болмағанын айта кетейік. МДК-ның жұмысына құзырлы үш орган қатынасады - Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті, Қаржы министрлігінің Салық комитеті және ҚР Статистика жөніндегі агенттік. «Заңды тұлғалар» біртұтас қорында субъект туралы мәліметтер мен ақпараттардың барлық тарихы сақталған - қашан және қандай құжат негізінде өзгертулер енгізілгендігі туралы.
«Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2010 жылғы тамыздың 13-інен бастап салық төлеушінің тіркеу нөмірі, әлеуметтік жеке коды және басқа да кодтар жарамсыз деп танылатындықтан, осы уақыттан бастап заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін бір ғана «кілт» - бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (БСН) беріле бастайды. Кодтың осыған ұқсас құрылымдары қазіргі күні Дания, Финляндия, Жапония, Германия, АҚШ, Франция, Кипр, Египет, Малайзия және басқа да бірқатар дамыған елдерде қолданылып отыр.
Аталмыш елдерде бүгінгі күні сондай-ақ, жеке тұлғалар үшін де жалғыз «кілт» - жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) енгізілген. Ақпараттық-технологиялар заманына сай бұл жаңашылдық Қазақстан аумағында «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сондай-ақ, 2010 жылғы тамыздың 13-інен бастап жүзеге асырыла бастайды.
ЖСН дүниеге келген нәрестені АХАЖ органдарында тіркеу кезінде немесе жеке басты куәландыратын алғашқы құжатты алу барысында беріледі. ЖСН-ның негізі Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарда қолданылатын 12 таңбалы жеке кодтардан құралмақ. Кодтың сақтау жадында азаматтың туған жылы, айы, күні және жынысы туралы деректер жазылады. Жеке басқа арналған меншікті код пен оның иесі туралы барлық ақпараттар біртұтас қор - «Жеке тұлғалар» ақпараттық жүйесінде сақталатын болады.Кез-келген мемлекеттік орган тұлға жөнінде ақпаратты интернет желісі арқылы Қордан санаулы секундттарда ала алады.
2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған «е-үкімет» жобасын дамыту және жетілдіру туралы мемлекеттік бағдарламалар негізінде жасалған аса маңызды шаралардың тағы бірі - қызметтердің барлық түрлері бойынша мемлекеттік лицензияларды алу үшін азаматтар мен мекемелерден өтініштерді қабылдайтын бірыңғай жүйенің енгізілуі (е-лицензиялау).
«Электрондық лицензиялау» қызметін бүгінгі күні мемлекеттік 6 орган жүзеге асырып отыр - ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткінің заңсыз айналымын бақылау комитеті, ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Энергетикалық мемлекеттік қадағалау комитеті, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу және Жер ресурстарын басқару агенттіктері.
2009 жылдың соңына дейін әлемдік ғаламтор арқылы лицензия беру қызметіне ҚР Көлік және коммуникация, Индустрия және сауда, Денсаулық сақтау министрліктерін қосу жоспарланса, 2010 жылдың аяғына дейін бұл процеске қалған барлық 9 мемлекеттік лицензиар-орган қосылатын болады.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың соңына дейін «е-үкімет» инфрақұрылымымен «е-әкімдік» инфрақұрылымдарын ықпалдастыру іс-шараларын жүргізу көзделіп отыр. ҚР Ақпарат және байланыс агенттігі электрондық әкімдіктерді құру және дамыту бойынша жұмыстарға мониторинг жасап, халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің аса маңызды деген 12 түрін анықтап та қойды.
«Е-әкімдік» жобасы - әкімдіктердің халыққа қызмет көрсету бойынша жұмыстарын біріздендіруге мүмкіндік беретін болады. Мәселен, қызмет көрсетудің бірыңғай стандарты мен механизмі енгізіледі, сондай-ақ халық пен бизнес-құрылымдар үшін қызмет көрсету процестерін оңайлата түсетін - өтініштердің бірыңғай формасы жасалатын болады.
2010 жылы Ақпарат және байланыс агенттігі «е-әкімдіктер» үшін электрондық қызметтердің 15 түрін әзірлеуді қолға алмақ. Кейінгі жылдары әкімдіктердің ақпараттық жүйесі қоғам өмірі мен аймақтағы мекемелердің қызметіндегі барлық маңызды салаларды электрондық қызметтермен қамтамасыз ететін болады.
Бірақ бұл - ағымдағы жылғы «е-үкімет» аясындағы әлі де соңғы жаңалық емес. Желтоқсанда Астана қаласында «Е-нотариат» Біртұтас нотариалдық ақпараттық жүйенің ілкі жобасы іске қосылмақ. Ондағы басты мақсат - нотариустар мен нотариалдық палаталар арасындағы, сондай-ақ оларды қадағалаушы орган Әділет министрлігімен ақпараттық әрекеттестікті қамтамасыз ету.
«Е-нотариат» сондай-ақ, нотариалдық қызметті үйлестіруге бағытталған. Мәселен, Біртұтас нотариалдық ақпараттық жүйе Ұлттық куәландыру орталығымен, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзымен, Ішкі істер министрлігінің ведомстволық ақпараттық жүйелерімен және Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттікпен ықпалдаса отырып, нотариалды тіркелген барлық құжаттарға байланысты толық әрі нақты ақпарат беретін болады. Сондай-ақ келісімдерді жасау кезінде алаяқтарға ұрыну тәуекелін азайтып, келісімдердің заңды қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Оның нәтижесі бойынша, 2010 жылдан бастап «электрондық нотариаттар» Қазақстан Республикасының барлық аумағында жұмыс істейтін болады.