2010 жылғы қаңтарда азық-түлік тауарларының бағасы 3,9 пайызға өсті - Статистика

АСТАНА. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат - 2010 жылғы қаңтар айында азық-түлік тауарларының бағасы 2009 жылғы қаңтармен салыстырғанда 3,9 пайызға өсті,

деп хабарлады ҚР Статистика агенттігінен.

Агенттіктің таратқан мәліметтеріне сәйкес, 2010 жылғы қаңтарда 2009 жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға қантқа 40,2 пайызға, кофе, шай және какаоға - 25,4, алкогольді ішімдіктерге - 9,4, тоқаш пен ұн өнімдеріне - 7,7, кондитерлік өнімдерге - 6,3, сүт өнімдеріне - 3,1 және макарон өнімдеріне - 2 пайызға өсті. Ал бағаның төмендеуі ұнға - 17,6, жемістер мен көкөністерге - 6,9, жұмыртқаға - 6,4, жармаға - 6,2, май және тоң майға - 3,9, нанға - 3,3 пайызға байқалды.

Аталған кезеңде ет және ет өнімдеріне бағалардың өсімі 6,6 пайызды құрады. Шошқа етіне баға - 11,5, шұжық өнімдеріне - 6,2, жылқы етіне - 2,9 және қой етіне - 2,1 пайызға қымбаттады.